
2024 жылға арналған мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесіне сәйкес тексеру комиссиясы жергілікті атқарушы органдардың және квазимемлекеттік сектордың 2022-2023 жылдардағы борышын басқаруына аудит жүргізді.
Тексеру барысында келесі заң бұзушылықтар анықталды: қалалық құрылыс бөлімі бюджеттік бағдарламада белгіленген көрсеткіштерге қол жеткізе алмаған, бұл 2,84 млрд теңге көлемінде несиенің тиімсіз пайдаланылуына әкеп соққан; қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі мен тұрғын үй инспекциясы 2022 жылға кондоминиум объектілерін күрделі жөндеуге бөлінген 14,65 млн теңгені игермеген; бүгінде көпқабатты бес тұрғын үй пайдалануға берілмей, 436,69 млн теңгенің тиімсіз пайдаланылуына және 169,46 млн теңге несиенің игерілмеуіне әкеліп соқты.
Тексеру комиссиясының мәліметінше, тиімсіз жоспарлау салдарынан бюджет қаражаты қысқарған. Жалпы төрт инвестициялық жобаны жүзеге асыруға бөлінген 1,87 млрд теңге қысқартылды.
Бұған дейін «АЖ» Атырау облысында бес жобаның уақытында іске қосылмай, бұл қаржылық көрсеткіштерге де әсер еткенін жазған болатын. Бұл жобаларға инвестицияның жалпы көлемі 25,2 млрд теңгені құрайды. Олар 2024 жылы іске қосылады деп күтілген, бірақ мерзімі 2025 жылға шегерілді.
Бұл нысандар: 9,9 млрд теңгеге құс фабрикасының құрылысы, 4 млрд теңгеге дәнекерлеу цехының құрылысы. Сондай-ақ, су тасқынына байланысты құны 8 млрд теңге болатын жылыжай кешені мен 1,04 млрд теңгенің балық шаруашылығын пайдалануға беру мерзімі кейінге шегерілді.
Жабдықтарды жеткізу кешіктірілгендіктен 800 миллион теңгеге тауық етінің жартылай фабрикаттарын шығаруды жолға қоя алмады.
Сондай-ақ 1,5 млрд теңгені құрайтын сорғы қондырғыларын жөндеу, құрастыру және сервистік қызмет көрсету жобасын іске қосу да осындай мәселелерге байланысты мүмкін болмады.
Аудит нәтижелері бойынша нысандарға анықталған бұзушылықтарды жою жөнінде ұйғарым жолданды.
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА
В Атырау -6