
Мұнай тарихымен танымал Мақат ауданындағы Доссор ауруханасында ескі мүгедектер арбасы жергілікті тұрғындарға немқұрайлы қараудың белгісіне айналуы мүмкін.
Жылдар бойы мүгедектерге қызмет көрсетіп келе жатқан қозғалыс құралына қатысты шағым түсірілген видео өңірлік әлеуметтік желіде тез тарап кетті.
«Ауруханада науқастарға қарапайым жағдай жасалмаған: мүмкіндігі шектеулі жандарға екінші қабатқа көтерілетін лифт жоқ, - дейді Доссор тұрғыны. - Қолданыстағы жалғыз арбаның күйі өте нашар, қирап жатыр. Мынау масқара ғой!».
«Ақ Жайық» редакциясының бұл жағдайдың себептері мен медициналық құрал-жабдықтарды ауыстыру жиілігі туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасына жолдаған сауалына екіұшты жауап алынды. Атап айтқанда, басқарма: «Қазіргі таңда барлық медициналық ұйымдар мүгедектер арбасымен қамтамасыз етілген. Медициналық ұйымдарды жарақтандыру «Денсаулық сақтау ұйымдарын медициналық бұйымдармен жарақтандырудың ең төмен стандарттарын бекіту туралы» ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 29 қазандағы №167 бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады. Бұл жауапқа қанағаттанбаған жағдайда, заңда белгіленген тәртіппен шағымдануға құқығыңыз бар...» деп мәлімдеді.
Ауруханаға жаңа арба алына ма, жоқ па, білу үшін министрдің бұйрығын түсінуге тырыстық. Қандай күйде екеніне қарамастан мүгедектер арбасының болуы жеткілікті деп есептеледі екен. Бұйрықтағы тармақтардың бірінде медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету денсаулық сақтау ұйымдарының сұраныстарына байланысты ағымдағы қажеттіліктерге сәйкес жүзеге асырылатыны көрсетілген. Соған қарағанда, Доссор ауруханасының басшылығы қирап жатқан арбадан еш қиындық көрмесе керек.
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА
В Атырау -6