
Жылыой ауданы Құлсары қаласында өткен жылы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға жаңа тұрғын үй салынып, пайдалануға берілген еді.
"Болашақ" ықшамауданы қаладан 3-4 шақырым жерде орналасқан. Өткен жылы бұл ауданға дейін және көшеаралық жол салынып берілді.
- Біз "Орлан" ЖШС салып берген үйде тұрып жатырмыз. Үйіміз жылы, барлық жағдай жасалған. Бірақ неге екенін кейбіреулер үйіміз салқын деп жатыр ғой. Бір тәуірі, қатынас жақсарды, автобус үздіксіз жүріп тұр. Алайда көше жарығы жоқ, қараңғы ерте түседі. Оқушы балаларымызға қиын болып тұр. Оның үстіне бұралқы ит көп, интернет байланысы да нашар, - дейді көшеде кездескен Айгүл есімді келіншек.

Көше-көшені аралап келеміз. Кейбір тұрғындар жаңа қоныстарына көшпепті. Ақкиізтоғай ауылынан келген келіншек күн жылынуын күтіп жүргенін, жаңа баспанаға көшіп келетінін жеткізді.
- Біз бұл үйге өткен жылдың күзінде көшіп келдік. Былайынша жақсы, бірақ жел күндері суып кетеді. Осы жөнінде облыстық құрылыс басқармасында жұмыс жасайтын Ербол есімді жігітке хабарластым, ол мердігерге айтып жөнделетінін жеткізді. Суға кеткен саман кірпіштен салынған үйімді 17 млн теңгеге бағалады. Ол бағаға үй сатып алу мүмкін емес, осы себептен жаңа үйге өтініш бердім. Біз суға кеткен үйдің жерін мемлекетке қайтаруымыз керек, - дейді тұрғын Аманғали ТӨЛЕГЕНОВ.

Ал Әуелбай ӘЛИБЕКОВ жөндеу бригадаларын күтіп отырғанын, терезе резинкасын ауыстыратынын жеткізді. Жалпы жаңа үйге қоныстанғандар құжатын алмаған.
Осы жайттарға байланысты Жылыой ауданы әкімшілігінен мынадай тұрғыда жауап келді:
"Жаңа үйдің өзіндік ерекшеліктері болатыны рас. Біз жаңа баспанада тұрып жатқан тұрғындар арасында жиі болып тұрамыз. Үш үй тұрғыны үй салқын екені жөнінде әкімшілікке келіп арызданғанда мердігерлерді жібергенбіз. Сөйтсе жылу батареяларының ауасы шығарылмағаны белгілі болды. Негізі әр үйде мердігер мекемелердің телефондары жазулы тұр, тұрғындар тәулік бойы хабарласа алады. Бұралқы иттерді жою, залалсыздандыру қала әкімшілігінің назарында тұр. "Cybemet" интернет желісі тұрғындар сұранысы бойынша жүргізілуде. Құлсары қаласынан "Болашақ" ықшамауданына дейінгі көше жарығын жүргізуді "Интертехстрой" ЖШС ұтып алған еді, 15 ақпанда жұмысын бастамақшы. Ал ықшамаудандағы көше жарығын жүргізуді ұтып алған мердігер өз жұмысын уақытылы орындамады. Сол себептен жұмысын бітірмеген мердігер Атырау облыстық мамандырылған экономикалық сотқа берілді. Болашақта бұл ықшамауданда дене шынықтыру кешені, балабақша, мектеп салынады. Қазір демеушілікпен спорт алаңы салынып жатыр. Қатынас жақсарып, көшеішілік автобустар үздіксіз жүріп тұр".
АЖ анықтамасы:
былтыр күзде тасқын судан зардап шеккен тұрғындарға 100 үй салынып, пайдалануға берілді. 100 шаршы метр болатын 80-ге жуық үй "Қазақстан халқына" қорынан салынса, ал қалғанына жергілікті бюджеттен қаржы бөлінген. Бір үй құны шамамен 31 млн теңге. Тапсырысшы облыстық құрылыс басқармасы болса, үй салуға 8 мердігер тартылған. Кепілдік мерзімі бір жыл, биыл күркйек айында бітуі тиіс. Одан кейінгі жамап-жасқау тұрғындардың еншісінде.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
В Атырау 0