
Шешенстаннан қашқан азаматша Қазақстаннан қауіпсіз пана тапты.
Еске салайық, 5 ақпанда Доссорда 24 жастағы этникалық шешен қызы Эльза СОЛТАЕВА ұсталған болатын. Онымен бірге жүрген волонтер Владислав ХОРЕВТІҢ көлігіне ресейлік әріптестерінен бағдар таратылғаны белгілі болды.
Полицейлер қыздың ізіне түскен отбасына береді деп қорыққан Эльза басындағы жағдайды айтып, видеоүндеу жолдады. Ол үйінде өзін өлтіруі мүмкін екенін атап өтті.
Полицейлер мән-жайды анықтаған соң, ол Владислав Хоревтің өзін ұрлап кетпегенін және онымен өз еркімен жүргені туралы түсініктеме жазды. Содан кейін олар сапарын жалғастырды.
Детектив жанрында
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қашқан жас келіншектің жағдайына кездейсоқ тап болған редакция оның алдағы тағдырын бақылауды парыз санады. Біз осындай оқиғалармен айналысатын «Марем» еріктілер тобының негізін қалаушы Светлана АНОХИНАНЫҢ Telegram чатынан оқиғалардың қалай өрбігенін қадағаладық.
Сонымен, Эльза Атырау облысынан кеткеннен кейін ол жерде жаңа хабарлама пайда болды:
«Бізге Владислав Хорев хабарласты - ол Эльза Солтаеваны полиция бөлімінен қауіпсіз жерге алып барады. Алда боран болады деген болжаммен олардың көлігін полиция тағы да тоқтатып, оларға кемпингке еріп баруды сұрайды.
Бәлкім, бұл қазақстандық полицияға тән тәжірибе шығар. Бірақ туыстары полицияның көмегін пайдаланып, Эльзаны қудалауы мүмкін деп күдіктенуге негіз бар», - деп жазды Анохина.
Осы мәселе бойынша «АЖ» тағы да Атырау облыстық полиция департаментіне хабарласты. Бізге Эльза мінген көліктің облыстан шығып, қазір Ақтөбе облысының аумағында екенін хабарлады.
Әрі қарай Эльзаны құтқаруға күш салған Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық халықаралық бюро ақпарат берді.
Белгілі болғандай, бұл іске Адам құқықтарын қорғау бюросының үш филиалы тартылған. Атырау филиалынан кейін Эльза құқық қорғау ұйымының Ақтөбедегі филиалының назарында болды.
– Түн ортасында Эльза Солтаева хабарласты. Біз дағдарыс орталығына хабарласып, Эльзаны сонда орналастыруды шештік. Алайда оның жағдайын тағы да ойланып, қызды жасыру керек деген қорытындыға келдік. Сағат 02:20-да Ақтөбеге кіре берісте оларды патрульдік көлік тоқтатып, қаланың үшінші полиция бөліміне еріп баруды бұйырған. Қызметкер өзін полиция полковнигі Айбек Жұбатыров деп таныстырған. Бөлімге бара жатқанда олардың соңынан көлік (ҚР мемлекеттік нөмірлі, 07 өңір) ілескен. Ішінде кавказ ұлтының ер адамдары болды, оларға да үшінші бөлімге патрульдің соңынан еруді сұрады, - деп хабарлады бюроның Ақтөбе филиалы.
Үшінші полиция бөлімшесінде аз-кем әңгімеден кейін Эльза мен оның серігі Владислав Хоревке еріп жүруге патрульдік көлік беріп, қауіпсіз басқа қалаға барған жөн екенін айтқан. Олар ұсыныспен келісіп, Ақтөбеден кетіп қалған.
Айта кетейік, жаңа паналау орнына жеткенше жол бойына сегіз патрульдік көлік ауысқан.
АҚЗСҚХБ-ның тағы бір өңірлік бөлімшесінің заңгері хабарлағандай (Эльзаның қай жерде екенін жарияламау үшін қайсысы екенін көрсетпейміз), олар қазір қауіпсіз жерде.
Ал Эльзаның Қазақстанға босқын мәртебесін алу үшін өтініш беру ниеті бар.
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА
В Атырау 0