
Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) Басқарма төрағасы Асхат Хасенов «Өзенмұнайгаз» АҚ-да (ӨМГ) болды, деп хабарлайды компанияның баспасөз қызметі.
А.Хасенов Жаңаөзендегі жаңа мұнай өңдеу зауыты, Кендірлідегі теңіз суын тұщыту зауытының құрылыс барысы туралы есепті тыңдап, жобаларды жедел бітіру жөнінде тапсырма берді.
ҚМГ баспасөз қызметінде Кендірлідегі теңіз суын тұщыту зауыты құрылысының қазіргі жағдайы хабарлады:
- Негізгі құрылыс жұмыстары аяқталды. Қуаттылығы тәулігіне 50 мың текше метр болатын жаңа зауыт Жаңаөзенде және жақын маңдағы елді мекендерде ауыз су тапшылығы мәселесін шешуге бағытталған, сондай-ақ «Астрахань — Маңғышлақ» магистральды су құбырына техникалық жүктемені азайтып, өңірде өнеркәсіпті дамытуға мүмкіндіктер ашады.
- Инженерлік инфрақұрылым бойынша жұмыстар 97% орындалды;
- Жаңаөзен қаласына дейін тұшытылған суды жеткізетін магистральды су құбыры (201 км), электр беру желісі (83 км) және ұзындығы 40 км автожол салу жұмыстары аяқталды;
- Газ құбырын монтаждау (46 км) 97% орындалды.
- 2025 жылғы ақпан-наурыз айларында су айдайтын және су жинайтын құбырларды салу бойынша теңіздегі жұмыстар аяқталады.
- Құрылысқа 350 адам және 60 техника жұмылдырылған.
Жоба пайдалануға 2025 жылғы мамырда беріледі.