
Бұл шешім алыпсатарлықтың алдын алу мақсатында қабылданды.
«Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының (ӘКК) баспасөз қызметі хабарлағандай, Атырау облысында картоптың ең төменгі бағасы – 180 теңге. Ол тек тұрақтандыру қорының сауда нүктелерінде сатылуда. Соңғы мониторинг кезінде кейбір шағын дүкендердің иелері тұрақтандыру қорының картобын қапшықтап сатып алып, өз дүкендерінде екі есе қымбатқа қайта сататыны белгілі болған. Сондықтан бір қолға 3 келіден сату шектеуі енгізілген.
– Атырау облысында 2024-2025 жылдарға арналған тұрақтандыру қоры бағдарламасы іске асырылуда. Бағдарлама аясында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларын тұрақтандыру үшін жергілікті ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге айналым қаражатын толықтыру мақсатында қайтарымды қарыз берілді. Қорға 5 667 тонна көкөніс жеткізілді. Шартқа сәйкес әлеуметтік маңызы бар өнімдер 2024 жылдың 1 қарашасынан бастап биылғы жылдың наурызына дейін 11 супермаркетте, 3 базарда және 6 сауда павильонында сатылып жатыр. Картоптың бағасы – 180 теңге, – деп мәлімдеді баспасөз қызметі.
- Қазіргі уақытта тұрақтандыру қорының қоймаларында 200 тонна картоп қоры бар. Бұл ақпан айының соңына дейін жеткілікті деп есептелуде. Сонымен қатар, «Атырау» ӘКК көктем мезгіліне қосымша 680 тонна ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуді жоспарлап отыр. Осы мақсатта жергілікті ауыл шаруашылығы өндірушілерімен қосымша келісімшарт жасалды, – деп түсіндірді баспасөз қызметі.
Айта кетейік, қазіргі кезде Атырау қаласындағы үй жанындағы дүкендерде картоп бағасы 300-400 теңге аралығында сатылуда.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
В Атырау -2