
Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Ақтау маңындағы әуе апатына қатысты есепке пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ ресейлік БАҚ-қа сілтеме жасап.
Песковтың айтуынша, Ресейдің тиісті ведомстволары Қазақстанның Көлік министрлігі жариялаған Embraer-190 жолаушылар ұшағының (Azerbaijan Airlines – AZAL) апатын тергеу бойынша алдын ала есебін мұқият зерттеп шығады.
Бұл алдын ала есеп. Әрине, біздің тиісті ведомстволар оны егжей-тегжейлі, мұқият зерттеп шығады. Президент әкімшілігі бұл тақырыпқа қатысты пікір білдірмейді, – деді ол.
Ресейлік Росавиация апатқа ұшыраған Azal ұшағында бөгде заттарды анықтау мүмкін болмағанын мәлімдеді. Ведомство Қазақстан Көлік министрлігінің есебі экипаждың Ақтау әуежайын қону үшін өзі таңдағанын және Махачқала мен Минводқа қону ұсыныстарын пайдаланбағанын растағанын атап өтті.