
Вашингтонда 29 қаңтарда құлаған ұшақ пен тікұшақтың бөліктері өзеннен шығарылды, деп хабарлайды 24.kz.
Су краны ұшақ корпусының бірнеше сынығы мен лайнердің бір қозғалтқышын алып шыққан. Бұл іске 300-ден астам құтқарушы, сүңгуірлер мен әскери-теңіз флотының 2 жүк кемесі тартылды.
Әзірге опат болған 67 адамның 55-інің тұлғасы анықталған. Апат себебі әлі белгісіз. Бастапқы тергеу есебі 1 ай ішінде жариялануға тиіс.
Естеріңізге сала кетейік, 29-шы қаңтарда Рейган әуежайының маңында жолаушылар ұшағы қонуға бет алғанда әскери тікұшақпен соғылып, екеуі де Потомак өзеніне батып кетті.