
Атырау қаласындағы Достық көшесі, 2-үй мекен-жайында орналасқан 100 пәтерлік тұрғын үйдің жағдайы күн санап нашарлап барады. Редакциямызға хабарласқан тұрғындар үйлерінің апатты күйде екеніне алаңдаушылық білдіріп, әкімдіктен ешқандай көмек болмай жатқанын жеткізді.
Тұрғындардың айтуынша, бұл үйде жертөле болмағандықтан, құрылыс жыл сайын жерге отырып, салдарынан қабырғалары жарылып жатыр. Кейбір бөлмелерде қабырғаның шелі үлкейіп бара жатқаны соншалық, бір бөлменің жарығы көрші бөлмеге көрініп тұрады. Үйдің қисаюынан кафельдер сынып, бөлме есіктері жабылмай қалған.
Тұрғын Мөлдір ӘНУАРОВАНЫҢ айтуынша, үйдің жартысынан көбінде жылу жоқ, себебі ПИК-тің болмауынан тұрғындар өз беттерінше жылу жүйелерін жөндеуге тырысып, нәтижесінде көптеген пәтердің жылу жүйелері мүлде істен шыққан.
"Пәтерлерде электр жылытқыштарын пайдалануға мәжбүрміз. Алайда трансформаторлардың шамадан тыс жүктелуінен пәтерлерде өрт жиі орын алып отыр. Жуынатын бөлмелер мен ас үй бөлмелері ылғалданып, қабырғалар көгеріп кеткен...Біз өзіміз тоқ жүйелерін қосып аламыз, себебі "Атырау жарық" бізге келмейді," - дейді тұрғындар.
Қауіпсіздік шараларын өз қолдарымен жасауға мәжбүр болған халық подъездердің кіреберісіндегі құлайын деп тұрған козероктарды тіреуіш қойып, демеп қоған.
Барлық жағдайды баяндап е-өтініш арқылы хат жазған кезде әкімдік бір күнді белгілеп, сағат 10:00-де тұрғындарды тыңдау өтеді деп хабарлаған. Бірақ тұрғындардың айтуынша, оларды ешкім шақырмаған, ал тыңдау өтті деген хабарлама келіпті.
Әкімдік уәдесі орындалмады
Әкімдік бұл үйді 2022-2026 жылдары сүрілуге жататын үйлер тізіміне енгізгенін айтқанымен, кейін тұрғындарға 2029 жылға дейін күте тұруды ұсынған. Бірақ тұрғындар бұл уақытқа дейін үйдің шыдамауы мүмкін екенін айтып алаңдаулы.
Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мәліметінше, ғимарат сонау 2019 жылы апатты деп танылған.
"Реновация бағдарламасы аясында 236 тозығы жеткен көппәтерлі үйдің мәселесін шешу жоспарланғанымен, бұл бағдарлама бойынша жері сносқа кеткен үй саусақпен санарлық. Азаттық 72 а, Абай 23 а мекенжайындағы құрылысы жүріп жатқан үйлер осы бағдарламаның жемісі. Қалған үйлер бойынша инвесторлармен әлі де келіссөздер жүргізілуде.
Бұл бағдарламадан бөлек, апатты үй тұрғындарына 2023 жылдан бастап жеке тұрғын үй секторынан дайын пәтерді сатып алып беріп жатырмыз. Бүгінге дейін 132 патер сатып алынып, тұрғындарға берілді", - деді ТКШ басқармасында.
Атырау қаласы әкімнің орынбасары Мейіржан МҰҚАСОВТЫҢ жауабына сүйенсек, "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңның талаптарына сәйкес, көппәтерлі үйдің қасбеттері, кіреберістері, инженерлік жүйелері тұрғындардың өз қаражатына жөнделуі тиіс.
"Қала әкімдігі пәтер ішіндегі ақауларды тұрғындар өздері шешуі керек екенін еске салады. Сонымен қатар, электр желілері әкімдік балансында болмағандықтан, бюджет есебінен жөндеу жұмыстары жүргізілмейді", - деп жауап берді ол.
Тұрғындардың басты талабы — қауіпсіз әрі жылумен қамтылған үйге көшу. Олар әкімдіктің берген уәделерін орындап, жағдайды жақсартуға назар аударуын сұрайды.
"Біз 20 жыл снос күтіп отырмыз. Қазіргі жағдаймен 2029 жылға дейін бұл үй шыдамайды," - дейді тұрғындар.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
В Атырау -2