Атырау, 22 желтоқсан 22:14
 бұлыңғыр боладыВ Атырау 0
$ 517.66
€ 606.49
₽ 6.44

"Пандус сырғанақ секілді!": мүгедектігі бар жандар наразы

Сурет
722 рет қаралды

“Біз де адамбыз” қоғамдық қорының белсенділері Атырау қаласындағы тұрғындар жиі баратын сауда нысандарын аралап, мүгедектігі бар азаматтар үшін қолайлы жағдайдың жасалмағанына көз жеткізді.

Белсенділер алдымен қалалық әкімдік өкілдерімен бірге Авангард ықшамауданындағы Sulpak техника дүкеніне барды. Алайда, дүкенге кіреберістегі пандус тым тік болғандықтан, арбадағы адам өздігінен көтеріле алмады. Оған қоса, пандустың екінші басында кедергі тұруына байланысты, мүгедек арбасымен өту мүмкін болмады.

Белсенді Гүлназ ҚОСМҰРЗИЕВАНЫҢ айтуынша, мүгедектігі бар азаматтар үшін талапқа сай пандустың қасында қоңырау батырмасы болуы тиіс, алайда бұл жерде ондай мүмкіндік қарастырылмаған.

“Кіре алмаған соң, дүкен әкімшілігіне қоңырау шалдық. Содан кейін бізді жүк тасымалдауға арналған қараңғы әрі жарығы жоқ жеделсатымен көтеріп апарды. Біз де адам емеспіз бе? Егер мұнда басқа бір мүгедек келсе, қоңырау да жоқ, сыртта жаурап тұруына тура келеді,” – дейді ол.

Оның айтуынша, осы мәселе үш жылдан бері көтеріліп келе жатса да, дүкен әкімшілігі ғимаратты жалға алып отырғанын айтып, ешқандай шара қабылдамаған.


Белсенділер осы ықшамаудандағы “Технодом Ярмарка” ойын-сауық кешеніне де барды. Бұл жерде де мүгедектігі бар азаматтар үшін жағдай жасалмаған: екінші қабатқа көтерілудің мүмкіндігі жоқ.

"Нұсқама жібереміз"

Атырау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Рафхат ЖОЛДИЕВ белсенділермен бірге нысандарды аралап, жағдайды өз көзімен көрді.

Оның айтуынша, бұл ғимараттар пандусқа қатысты заң шыққанға дейін пайдалануға берілген, сондықтан оларда талаптарға сәйкес инфрақұрылым қарастырылмаған. Дегенмен, жыл сайын осындай нысандарды қолжетімді ету шаралары қабылданып жатыр.

“Қазір қаладағы барлық қолжетімсіз нысандарға ескерту беріп, оларды талапқа сай реттеуді міндеттеп жатырмыз. Былтыр 145 нысанның инфрақұрылымы жақсартылса, биыл 245 нысанды қолжетімді ету жоспарланып отыр,” – деді Жолдиев.

Белсенділер бұл жұмыстардың тек қағаз жүзінде қалмай, нақты іске асуын талап еттті. 

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

4 ақпан, 12:25

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.