
Оқиға 27 қаңтарда №16 мектепте асханаға бара жатқанда болған. Бұл оқиғаға байланысты қызметтік тексеріс басталды. Баланың анасы Гүлнәр Күлшетова 10 жасар баласы қазір үйде күтіммен отырғанын айтады. Баланың иегі мен ауыз қуысы жырылып, тістері түсіп, жартылай сынған.
- Мұғалім алдында болған. Біздің бала периладан ішімен жатып, тайды ма, білмейміз. Перилаға жатқанын көрдік видеода. Қалай құлағаны көрінбейді. Иегі 5 смдей кесілген. Астыңғы тісі үшеуі жартылай сынған. Сол тістің сынған жерінен қызыл еті жыртылған. Жоғары жағындағы бір тісі түбірімен түсіп қалған. Екіншісі ішіне кіріп кеткен. Мектептің медпунктінде алғашқы көмек беріп, сосын жедел жәрдеммен аурухана травмпунктіне жеткізді. Иегі мен ауыз қуысындағы қызыл етін тікті, сүт тістері кері өседі деп, бет хирургы айтқан соң, стоматологияда жұлдырдық, - дейді Күлшетова.
Жоғары тістері тігілген соң бала аузын дұрыс жұма алмайды. Тамақты езіп, қасықпен беріп отыр. Баласын қарау үшін анасы «больничный» алған.
- Мектепке келесі күні барғанда мектеп директоры мен орынбасары болды. Екеуі де сынып жетекшісі баланы қарамаған, кінәлі деп, оған сөгіс берген. Ол қалай кінәлі болады, мектеп үшін басшы жауапты емес пе? Мектеп басшылығы сынып жетекшісіне сөгіс берген, сол кінәлі деп қарамаған. Ал мектеп басқарып отырған адам бала жағдайын сұрамады, не істеп жатыр деп. Мұғалім жылап жүр, мені кінәлап жатыр деп. Әділетсіздікті көріп отырмын. Қатардағы мұғалім таяқ жейді де, қолында билігі барлар ештеңе жасағысы келмейді. Жауапкершіліктен қашып, - дейді Күлшетова.
Ата-ана мектептегі жағдай бойынша қалалық прокуратураға және санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасына арыз жазған. Одан бөлек, қалалық білім бөлімі мен облыстық білім беру басқармасына да жолдаған.

- Баспалдақты көрсеңіз, ұстайтын жері аласа, еденге ламинат емес, кафель төселген. Қауіпсіздік шарасын сақтау және мектеп басшысына шара алу туралы сұрап отырмын. Сынып жетекшісіне сөгісті де алып тастау керек. Ол 28 балаға білім бере ме, мектеп баспалдағының қауіпсіздігін қарап отыра ма? – дейді Күлшетова. Ол енді полицияға арыз жазамын деп отыр.
Қалалық білім бөлімі басшысы Айнагуль ДҮЙСЕКЕНОВА ата-ананың арызы бойынша комиссия құрылып, қызметтік тексеріс ашылғанын айтты.
- Ата-ана арызы бойынша мектептен түсіндірме алып жатырмыз. Бала өзі сүрінген дейді. Дегенмен, жан жақты зерделеп жатырмыз, - деді Дүйсекенова.
Облыстық білім беру басқармасының баспасөз хатшысы Бектас САЙПОЛЛА да арыз бойынша шара алу туралы жаңа аптадан бастап жұмыстанатынын хабарлады.
Айнұр САПАРОВА