Атырау, 10 наурыз 1903
 ашықВ Атырау -2
$ 494.84
€ 537.40
₽ 5.58

Атыраулық бау-бақша қоғамдастығының тұрғындары республикалық инспекторлардың назарына ілікті

Сурет Бейнежазба
536 просмотра

Жұма күні, 31 қаңтарда үкімет тапсырмасымен арнайы инспекторлар Атырауға келіп, бау-бақша қоғамында саяжай тұрғындарымен кездесті. Бұл жиын тұрғындардың министрлікке жолдаған өтініштері негізінде ұйымдастырылды. 

Кездесудің басты мақсаты – тұрғындардың өмір сүру жағдайын бағалау және оны жақсарту үшін нақты шаралар қабылдау. Кездесу барысында арнайы өкіл тұрғындардың өтініштерімен, құжаттармен танысты. Тұрғындар жарық пен жолдың жоқтығы олардың күнделікті өміріне үлкен кедергі келтіретінін айтты. 

Салима ИЗГИЕВА, Рыбник саяжайының тұрғыны:

- Жолдасым – бірінші топ мүгедегі. Емханаға бару үшін инватакси шақырсақ, жол нашар болғандықтан, біздің көшемізге кіре алмайды. Жедел жәрдем де келе алмайды. Күйеуім ауырғанда, амалсыз балшыққа былғанып, арбасын итеріп, трассаға дейін шығарамын. Үйіміздің айналасында да арбамен серуендеу мүмкін емес, - дейді. 

Бұдан бөлек, балалардың мектепке баруы қиын, өйткені жаяу жүргіншілер жолы жоқ. Оқушылар тәуекелге бел буып, көліктер жүретін жолдың шетінде жүруге мәжбүр. 

Тұрғын Қайыржан ОРАЗҒАЛИЕВ:

- Қалада жол жөндеген кезде алынған асфальттың қалдықтарын (фреза) бізге бермейді. Ал тұрғындар оны өз ақшасына, 100 мың теңгеге сатып алуға мәжбүр, - деп шағымданды. 

Инспекторлар тұрғындармен бірге көшелерді аралап, жағдайды өз көздерімен көрді. Сондай-ақ электр трансформаторының мәселесі бойынша әкімдік өкілдерімен сұрақ-жауап жүргізілді. 

Атырау облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Ержан Хайноллаев, халықтың шағымдарымен келісетінін жеткізді. 

- Фрезаны халықтың сатып алатыны туралы бізге де белгілі. Жеке камаздар тасымалдайтын болғандықтан, олардың барлығының соңынан аңдып жүре алмаймыз. Дегенмен олардан сатып алмауға шақырамыз. Былтыр халыққа сатып жатқаны жөнінде шағым бойынша барып, көлік жүргізушісі жұмыстан шығарылды. Ал фрезаны барлық саяжайға төсеп беру мүмкін емес. Сондықтан, өздеріңіз ақылдаса келе маңызды көшелердің тізімін жасаңыздар, сол көшелерге асфальт қалдықтарын төсеп береміз, - деді басқарманың орынбасары.  

Сәулет және қала құрылысы бөлімінің өкілі Фараб Қуанышқалиев болса, «Саяжайларды дамыту жұмыстары жоспарға сай жүріп жатыр. Былтыр инвентаризация басталып, аэротүсірілімдер жасалды. Биыл әр учаскенің нақты көлемін анықтаймыз», деп отыр.  

Алайда, тұрғындар «қағаз жүзіндегі жиналыстар қажет емес, іс жүзінде ештеңе өзгерген жоқ» деп, нақты шаралар талап етті. 

Жиын барысында шешімі табылып, тұрғындарды қуантқан жалғыз мәселе –иесіз трансформаторларды балансқа алу. 

Қала әкімінің орынбасары Мейіржан Мұқасов, "трансформаторларды биыл "Атырау-Жарықтың" балансына аламыз. Жарық пен тариф мәселесі осы жылы шешіледі", деп уәде етті.  

Кездесу соңында инспекторлар барлық мәселені премьер-министрге жеткізетінін айтты. Тұрғындар енді нақты нәтижелер күтуде.

Нұрбейбейбіт НҰҒЫМАНОВ

2 ақпан, 14:24

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.


16