
Бүгін Антикор брифингінде ведомствоның ресми өкілі Атырау қалалық білім бөлімінің сектор меңгерушісіне қатысты үкімге тоқталды.
«Сонымен қатар Атырау қалалық №2 соты қалалық білім бөлімінің сектор меңгерушісі М.Сейтқалиева мен басқаларға қатысты үкім шығарды. Ол «сарапшы» санатын бекіту үшін жергілікті мектептердің бірінің директорының міндетін атқарушы Қойшығұлова А. арқылы үш мұғалімнен жалпы сомасы 150 мың теңге пара алғаны үшін кінәлі деп танылды.
Сот оларға 1,4 миллионнан 4,5 миллион теңгеге дейін айыппұл салды. Сонымен қатар, сотталғандар мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылады.
Сот шешімдері заңды күшіне енген жоқ.
ҚР Қылмыстық кодексінің 41-бабына сәйкес, белгіленген мерзімде айыппұл төленбесе, жаза бас бостандығынан айырумен ауыстырылады», - делінген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ресми өкілінің хабарламасында.