
Жуырда әлеуметтік желілерде "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының Атырау облыстық филиалында заңсыз әрекеттер жиі орын алады" деген анонимді хат тарады. Хат авторлары басшылық, атап айтқанда директордың міндетін атқарушы Қанат Төлепұлы қызметкерлерді заң бұзуға итермелейтінін, ал көнбегендерді жұмыстан шығаратынын айтқан.
Олардың мәліметінше, бір жылдың ішінде 50-ден астам адам жұмыстан босатылған. Сонымен қатар, жойылуы тиіс құжаттардың мекеме кабинетінде үйіліп жатқанын дәлелдейтін суреттер де жарияланған.
«АЖ» тілшісі жолдаған ресми сауалға жауапта «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Атырау облыстық филиалы әлеуметтік желідегі анонимді хаттағы айыптауларды жоққа шығарды. Олардың айтуынша, таралған ақпарат жалған әрі шындыққа жанаспайды. Соның ішінде фотоайғақта көрсетілген утилизацияға жіберілуі тиіс мемлекеттік нөмірлердің кабинетте жинаулы тұрғаны бұған дейінгі жылдардағы ескі сурет екені айтылған.
ҚР Ішкі істер министрінің 2015 жылғы бұйрығына сәйкес, жарамсыз мемлекеттік тіркеу нөмірлері алдымен корпорацияға өткізіледі. Оларды жою үшін нөмірлер екіге бөлініп қиылады және арнайы акт жасалады. Филиал бұл нөмірлерді Атырау облыстық әкімшілік полициясына тапсырып отыр. Бірақ оларды утилизациялау және оны пункте жеткізіп беру филиалдың құзыретіне кірмейді. Әлеуметтік желіде тараған суреттер ескі. Себебі 2024 жылы жарамсыз нөмірлердің барлығы жойылған, - деді хатқа Қанат Төлепұлы өз жауабында.
Сондай филиал басшылығы шетелдік көліктерді тіркеу үшін және жүргізуші куәлігін заңсыз алу үшін жүргізушілерден сыйақы алуға мәжбүрлейді деген айыптың да жалған екенін және ешқандай дәлел жоқ екенін жеткізді. Филиалда осы күнге дейін заң бұзушылықтар тіркелмеген.
Жаппай жұмыстан босату болды ма?
Ресми мәліметке сүйенсек, 2024 жылдың қаңтарынан бері филиалдың штатындағы 638 қызметкерден 94 қызметкермен еңбек шарты бұзылған.
Жұмыстан босаған қызметкердің барлығы өз еркімен жұмыстан кету, зейнетке шығу, еңбек шартының мерзімі аяқталуына орай, ұсынылған лауазымнан бас тартуына секілді себептерге байланысты болды, делінген ресми жауапта.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ