
Әлеуметтік желіде облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Әліби Бағытжановтың қайтыс болғаны туралы ақпарат тарады. Атырау облысының денсаулық сақтау басқармасы бұл ақпаратты жалған деп, теріске шығарды.
Еске салайық, Атыраудағы ең қымбат орындардың бірі Beer House Villa-да прокуратура қызметкері Асқар Жанысбаев, мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Айдын Сауданбеков пен оның орынбасары Әліби Бағытжанов арасындағы кикілжің салдарынан төбелес шыққан болатын.
Қолда бар мәліметтерге сәйкес, Ә.Бағытжанов төбелестен кейін облыстық ауруханаға жеткізілген, Бейресми мәлімет бойынша, пациент комада жатыр.
Бүгін Денсаулық сақтау басқармасы Бағытжановтың шынымен де облыстық ауруханада жатқанын растады. Алайда оның жағдайы туралы сұраққа жауап бермеді.
«Қазіргі уақытта ауруханада жатқан науқастың денсаулық жағдайы туралы ақпарат және оның жеке деректері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жариялауға жатпайды. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (№360-VI ҚРЗ, 07.07.2020 ж.) сәйкес, медициналық құпия ретінде пациенттің денсаулық жағдайы, диагнозы және емдеу әдістері туралы ақпарат тек оның келісімімен немесе заңда көзделген ерекше жағдайларда ғана берілуі мүмкін.
Құқық қорғау органдарының тергеу жүргізуіне байланысты Денсаулық сақтау басқармасы тиісті тергеу органдарымен бірге әрекет етіп, заң аясында көмек көрсетіп жатыр. Барлық сұрақтар бойынша тиісті құқық қорғау органдарына жүгіну ұсынылады.
Атырау облысының Денсаулық сақтау басқармасы пациенттердің жеке деректерін қорғауға басымдық береді және заң талаптарын қатаң сақтайды».
Дайындаған Айнұр САПАРОВА