
Сенат депутаттары 2024 жылғы 30 қаңтарда "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне байланыс, Мемлекеттік сатып алу, көлік және пошта қызметтерін көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңды екінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Сенатор Әлібек Наутиев қаралып отырған заң пошта, мемлекеттік қызметтер көрсету, сауда мақсатында теңізде жүзу саласындағы заңнаманы жетілдіруге, сондай-ақ мемлекеттің ақпараттық қауіпсіздігін арттыруға бағытталғанын айтты.
"Заңмен Қазақстан Республикасының 2 кодексіне және 7 заңына түзетулер енгізіледі. Пошта саласындағы заңнаманы жетілдіру шеңберінде мыналар көзделеді. Пошта жәшіктері арқылы жіберілетін қарапайым хаттар көлемінің жыл сайынғы төмендеуіне байланысты пошта жәшіктері бойынша ережелер алынып тасталады. Бұл ретте заңмен ғимараттар мен көппәтерлі тұрғын үйлерде постоматтарды орналастыру мәселелері реттелген. Айта кету керек, заңда абоненттік жәшіктерге қатысты нормалар сақталады. Пошта операторларының қызметтерін пайдаланушыларға ыңғайлы болу үшін ПИН-код арқылы адресаттың келісімін алу немесе QR-кодты оқу арқылы пошта жөнелтілімін үшінші тұлғаларға тапсыру мүмкіндігін қарастыру ұсынылады", – деді ол.
Оның айтуынша, ұлттық оператор, яғни "Қазпошта" АҚ Денсаулық сақтау саласындағы заңнаманың талаптарына сәйкес дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды тасымалдау және сақтау құқығына ие.
"Заңда "құндылығы жарияланған пошта жөнелтімі" ұғымы енгізіледі және осындай жөнелтілімдерге байланысты пошта операторларының жауапкершілігінің басталу шарттары нақтыланады. Субсидиялау тетігін жетілдіру мақсатында әмбебап байланыс қызметтерінің тізбесінен тіркелмейтін бандерольді және пошта карточкасын жіберу жөніндегі қызметтер алынып тасталады. Осылайша, бұл қызметтер өзектілігіне байланысты субсидияланбайды. Айта кету керек, соңғы бес жылда мемлекеттің әмбебап қызметтерді субсидиялау көлемі 3,4 млрд теңгеден 654 млн теңгеге дейін төмендеді. Заңмен жергілікті атқарушы органдарға пошта байланысы бөлімшелерін сақтауға жәрдемдесу шараларын көрсету бойынша құзырет беріледі. "Қазпошта" бөлімшелерді жабу туралы шешім қабылдаған кезде әкімдіктерді болжамды жабылу күнінен кемінде үш ай бұрын хабардар етуге міндетті", – деп толықтырды Әлібек Наутиев.
Ол "Қазпошта" деректеріне сәйкес Қазақстанда 2834 пошта бөлімшесі жұмыс істейтінін атап өтті.
"Оның ішінде ауылдық жерлерде – 2054 пошта байланысы бөлімшесі бар, бұл ретте ауылдардағы бөлімшелердің көпшілігі тиімсіз болып табылады. Бұл норма жергілікті атқарушы органға мүмкіндік болған жағдайда пошта инфрақұрылымын сақтау жөнінде шаралар қабылдауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ұлттық заңнаманы реттеудің халықаралық стандарттарына сәйкес келтіру мақсатында заңмен "жарияланған құндылығы бар пошта жөнелтімі" ұғымы толықтырылады. Бұдан басқа, заңда мемлекеттік органдардың сымсыз байланыс арналарын техникалық тәсілмен қорғау арқылы мемлекеттің ақпараттық қауіпсіздігін арттыру, сондай-ақ халықты мемлекеттік қолдау шараларын іске асыру және цифрландыру мақсатында "әлеуметтік әмиян" жобасын бекіту жөніндегі нормалар көзделеді", – деді Әлібек Наутиев.