
29 қаңтар күні Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының Теңіз, Дамба және Балық шаруашылығы бөлімдерінің қызметкерлері Каспий теңізінің оң және сол жақ жағалауларында балық қорын қорғау мақсатында рейд жүргізіп, мұз үстіндегі браконьерлердің ізіне түсті.
Инспекцияға бекітілген 5 квадроциклмен қызметкерлер заңсыз браконьерлікпен айналысып жүрген мотоциклдердің ізімен барып, бақылау және қадағалау жұмыстарын атқарады.
- Сағат 12:30-18:00 аралығында оң жақ жағалаудан 34 дана иесіз ау құралдары тәркіленді. Олардың ішінен 14 дана бекіре тұқымдас балық шабақтары (бекіре, қортпа, піл май) тірі күйінде суға қайта жіберілді. Сонымен қатар, иесіз ау құралдарынан алынған 69 кг қара балық ЖШС «Тлекші» мекемесіне тапсырылды, деп хабарлады инспекцияның баспасөз қызметі.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ