Атырау, 18 ақпан 0823
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -4
$ 498.75
€ 523.09
₽ 5.46

Оркестрге алтын түстес iPhone 16 Pro Max неге керек болды?

911 просмотра

Атырауда Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптары оркестрінің 1 063 000 теңгеге гаджет сатып алу ниеті белсенділердің ашуына тиді.  

Белгілі болғандай, оркестр жақында мемлекеттік сатып алу порталында алтын түстес iPhone 16 Pro Max смартфонын сатып алуға хабарландыру жариялаған. 

"Мемлекеттік сатып алу" туралы ҚР заңының 12-бабы, 5-тармағына сәйкес, мемлекеттік сатып алулар кезінде тауар маркаларына, қызмет көрсету белгілеріне, фирмалық атауларға және басқа сипаттамаларға орын берілмейді. Алайда оркестрдің хабарламасында маркасы да түсі де анық көрсетілген. "Бұл оркестрдің қажеттілігі үшін бе, әлде арнайы бір адамға сыйлық ретінде беріле ме?" деген сұрақтар күмән тудырды. 

Оркестрдің басшысы Хамиль СҮЙЕКБАЕВТІҢ айтуынша, заманауи смартфон оркестрдің іс-шараларын түсіру үшін қажет болған. Ал оның түсі көрсетілгені мемлекеттік сатып алу порталымен жұмыс істейтін мамандардың қателігінен орын алған.

- Бұған дейін оркестр қызметкерлері өз жеке телефондарымен түсірілім жасайтын және телефонның жады толып қалуынан қиындық туындайтын. Қазір мобилограф деген жаңа мамандық ашылды. Осыған байланысты мекеменің атына жаңа телефон сатып алуды ұйғардық. Түсінің маңыздылығы жоқ, жады мен камерасы талапқа сай болса болғаны, - деді оркестр басшысы.

Сонымен қатар, оркестр штатив, микрофон сияқты басқа да қажетті жабдықтарды сатып алуды жоспарлап отырғанын жеткізді.

Бүгін порталда жеңімпаз анықталған: баға ұсыныстары негізінде алматылық "Zhebe Energy" ЖШС мекемесі жеңімпаз атанып, 900 мың теңгеге келісімшарт жасалды.

Айта кетейік, смартфон мемлекеттің қаржысына емес, оркестрдің билет сатылымдарынан түскен ақшаға сатып алынуда. Кәсіпкерден тікелей сатып алмай, заңды әрі ашық болу үшін мемлекеттік сатып алу порталы арқылы жүзе асырдық деді оркестр басшысы.


Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

29 қаңтар, 19:37

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.


16