
Әлеуметтік желіде Атырау қаласындағы №4 емханаға қатысты тағы да дабыл қағарлық ақпарат пайда болды. Хабарламада автоматы бар ер адамның бірнеше бума трамадолды ұрламақ болғаны және оны медқызметкерлер дәрі-дәрмектерді тексеру кезінде кездейсоқ ұстағаны айтылады.
Бұдан басқа, дәрігерлердің өздері жедел әрекет ету тобының қызметкерін шақырып, оны әшкерелеуге әрекеттенгені хабарланды.
«АЖ» редакциясы облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен түсініктеме сұрады. Оқиға 27 желтоқсан күні болғаны белгілі болды. Дегенмен, оқиға сәл басқаша болған.
- Жыл басынан бері №4 емханада 27 науқасқа 625 ампула трамадол дәрісі тағайындалған. Сонымен қатар, қосымша онкологиялық науқастың тіркелуіне байланысты Атырау облыстық онкологиялық диспансерінен 50 ампула трамадол уақытша (қайтарым негізінде) алынған, - деп хабарлайды басқарманың баспасөз қызметі.
Олардың айтуынша, аталған жағдай жас маманның тәжірибесіздігі салдарынан орын алған.
- Камера алдында қобалжыған қызметкер өз әрекетін дұрыс түсіндіре алмай, күзетшіден дәрілерді уақытша жасыра тұруды өтінген. Алайда, бұл дәрілер қайтарылуы тиіс заңды медициналық препараттар екенін атап өтеміз.
Оқиға орнына келген құқық қорғау органдары тексеріс жүргізіп, барлық трамадол дәрілері орнында екенін растады. Осы жағдай бойынша қызметкерлерге түсіндіру жұмыстары жүргізілді, - деп мәлімдеді баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, медицина мекемелерінде дәрі-дәрмектерді сақтау мен тарату қатаң бақылауда екенін мәлімдеп, жалған ақпараттың таралмауын сұрайды.
Дайындаған Айнұр САПАРОВА