![](https://f.azh.kz/news-kaz/075/194/12256799c3824b87c.jpg)
Есбол ауылындағы Жамбыл атындағы орта мектептің жанындағы 70 орындық интернат 2015 жылы пайдалануға берілді. Бұл интернат ауылдан жырақ отырған қыстақтағы малшылардың балаларына арналып салынған еді. Бастапқыда 40-тан астам бала ғана қабылданған болатын. Он жылда интернат бала санына толығып көрген емес, жылдар өте кеміп отырған. Өткен жылы бұл ғимаратта 10 оқушы ғана болған.
- Азайып келе жатыр. Мұнда бар жағдай жасалған, ғимарат іші жылы, акт залы бар, асхана жасап тұр. Күні бүгінде осы жетпіс орындық интернатта 15 ғана бала бар. Соңғы жылдары оқушы саны жетпегендіктен ғимараттың бір жақ корпусы пайдаланбастан тұр, бірақ жылумен қамтамасыз етілген. Ал бір жақ корпусты түгел пайдаланып отырған жоқпыз, жалпы 24 бөлме бос тұр,-дейді интернаттың шаруашылық ісі жөніндегі меңгерушісі Дариғаш САРИЕВА.
![](https://f.azh.kz/news-kaz/075/194/10046799c38313399.jpg)
Интернатта тұрақты түрде 18 адам жұмыс жасайды, мұның сыртында қыс мезгілінде жылуды қадағалаушы операторлар бар. Жарты ставкамен медсестра да жұмыс жасайды. Жұмыс кестесі алты күндік, демалыс күні күтуші ғана болады екен.
Оншақты бала үшін даңғарадай ғимаратты ұстау мүмкін бе?
![](https://f.azh.kz/news-kaz/075/194/67986799c3839c2fc.jpg)
«Жас өркен» лагері
Елтай ауылының сырт жағында орналасқан «Өнер» мектебіне қарайтын «Жас өркен» лагері тек үш ай жаз ғана қалыпты жұмыс жасайды. Қалған уақытта үш-төрт қарауылшы болады. Өткен жылы бірнеше корпустан тұратын лагерь жазда жөндеу жұмысына тұрып, бала қабылдаған емес. Бюджеттен 83 млн теңге бөлініп, лагерді қоршау, ғимараттардың сыртқы қабатын қаптау, әжетхананы ғимарат ішіне кіргізіп, канализация жүргізу, сахна жұмыстары жасалды. Оқушылар жазғы демалысты мектептерде өткізді.
![](https://f.azh.kz/news-kaz/075/194/59096799c38433ee9.jpg)
Лагерді басқа кездерде пайдалану мүмкіндігін жергілікті билік қарастырып көрген. Алайда жылу болмағандықтан пайдалану мүмкін емес деген тоқтамға келіпті. Өйткені 2013 жылы пайдалануға берілгенде жылуы қатар жүргізілгенімен қараусыз қалғандықтан жарамсыз болып қалған.
![](https://f.azh.kz/news-kaz/075/194/93026799c3832d93c.jpg)
Қыс бойы қаңырап тұрған ғимараттарға жеңіл жөндеу жыл сайын жүргізіледі. Биыл жәй жөндеу жұмысына 62 млн теңге бөлініп, ауыз су жүйесін жөндеу, әктеу, перделерді ауыстыру жүрмекші екен. Жеңімпаз әлі анықталмаған.
![](https://f.azh.kz/news-kaz/075/194/28776799c38417173.jpg)
- Жамбыл мектебіне қарасты интернат мәселесін ойластырып көргенбіз. Бірақ әзірге бір тоқтамға келген жоқпыз, интернаттың бір бөлігі бос тұр, әзір нақты ештеңе айта алмаймын. Ал «Жас өркен» лагері биыл оқушыларды қабылдайтын болады, - дейді аудандық білім бөлімінің басшысы Орынша ДІЛМҰҚАШЕВА.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттерді түсірген автор