Атырау, 16 ақпан 2331
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -5
$ 495.28
€ 518.41
₽ 5.44

Балалар құқығын қорғаудың жаңа шаралары: Атырау облысы қамқоршылық жүйесін қалай күшейтіп жатыр

517 просмотра

Атырау облысында қамқоршылық органдары мамандарының штат саны 5000 балаға бір маман болып белгіленді. Қазіргі уақытта аудандар  мен қалада қорғаншы мамандар жұмысқа қабылдануда. Бұл туралы облыстық білім беру басқармасының басшысы Марат Әбуов мәлім етті.

2024 жылы облыс бойынша кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау жөніндегі комиссиялардың 165 отырысы өтіп, балалардың құқығын қорғау бойынша 472 мәселе қаралды. Комиссия шешімімен жыл ішінде 143 бала облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды. Қазіргі уақытта бұл орталықта 24 бала бар. Одан бөлек орталықтың мамандары құжатсыз келген 17 балаға әлеуметтік қолдау көрсетіп, құжаттарын қайта жасақтап, құқықтық кеңес беру бойынша жұмыстарды атқарды. 

«Былтыр Қазақстанда бала мен әйел құқықтары, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және наградалар, білім беру және баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша үш заңға өзгерістер енгізілген болатын. Бұл заңдар арқылы «Неке және отбасы туралы» ҚР Кодексіне 70-тен астам түзету жасалды. Осы өзгерістердің аясында  жетім балалар үшін тәлімгерлік институты енгізілді. Нәтижесінде Атырау облысы бойынша отбасы үлгісіндегі балалар ауылындағы 10 жасқа толған 16 балаға тәлімгерлер тағайындалды. Оларды қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган қызметкерлері бекітілген талаптарға сай анықтап, тағайындайды», - деп атап өтті Марат Әбуов.

Сондай-ақ, балалар мен ата-аналарға қолжетімді және ыңғайлы болу үшін өңірдегі барлық мектептер мен колледждердің жеке «111» байланыс орталығының QR коды әзірленді. Бұл балаларға қатысты жасалған зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейтуге, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, буллинг үшін әкімшілік жауапкершілік енгізуге және балаларды автобустан түсіруге тыйым салуға мүмкіндік берді.

Үшінші заңдағы өзгерістерге сәйкес, Атырау облысы бойынша 17 жасқа дейінгі 284 731 балаға 57 қорғаншы маман штаты ашылды.

«Енді әр баланың құқығын қорғау жұмыстары одан әрі жетіле бермек»,- деді облыстық білім беру басқармасының басшысы.

Бүгінде өңірде 353 педагог-психолог психологиялық қолдау қызметін көрсетеді және 208 мектепте медиаторлар жұмыс жасайды. Ал 2024 жылы желтоқсанда балалар мен ата-аналарға арналған Психологиялық қолдау орталығы ашылды.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

29 қаңтар, 15:01

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.


controls
16