
2025 жылдың 17 қаңтарында Атырау облысы Жылыой аудандық орталық ауруханасының қабылдау бөліміне тұрмыстық жағдайда жарақат алған науқас жүгінді. Науқастың оң жақ иығы мен жамбасында ауырсыну болған, деп хабарлайды денсаулық сақтау басқармасы.
Дәрігер-травматологтар жүргізген тексерулер мен клиникалық зерттеулер нәтижесінде науқасқа «Күрделі жарақат. Сол жақ бұғананың акромиалды ұшының жабық сынуы (аздап жылжыған). Оң жақ жамбас сүйегі мойнының жабық субкапитальды сынуы (сүйек бөлшектерінің жылжуы)» диагнозы қойылды.
Науқасқа шұғыл түрде ота қажеттілігі анықталып, 24 қаңтарда Жылыой аудандық орталық ауруханасында алғаш рет «Оң жақ жамбас сүйегінің тоталды эндопротезі» отасы сәтті жасалды. Бұл күрделі операцияны Атырау облысының бас травматологы Күлниязыов Б.С. және Жылыой аудандық орталық ауруханасының травматология бөлімінің меңгерушісі Байзұллин Ж.Ж. жүзеге асырды.
Операция заманауи медициналық жабдықты және дәрігерлердің жоғары кәсіби деңгейін талап етті. Бұл Жылыой ауданында алғаш рет жасалған күрделі оталардың бірі болды. Қазіргі уақытта науқастың жағдайы тұрақты, дәрігерлердің бақылауында.
В Атырау -1