Атырау, 9 ақпан 19:18
 ашықВ Атырау -10
$ 511.18
€ 530.60
₽ 5.28

Атырау вокзалы күрделі жөндеу жұмыстарын күтіп тұр

Сурет
1 078 просмотра

Қалалық мәслихат төрағасының өкімімен құрылған уақытша комиссия мүшелері Атырау теміржол вокзалында халыққа қызмет көрсету, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасау, санитарлық тазалығы т.б. мәселелер бойынша зерделеу жұмыстарын жүргізді. 

Нәтижесінде халыққа қызмет көрсету тиісті деңгейде ұйымдастырылмай отырғаны және қазіргі жағдайы сын көтермейтіні анықталды. 

Атап айтқанда:

- Мүмкіндігі шектеулі жандардың кедергісіз қозғалуына арнайы жедел саты жоқ, арнайы шақыру батырмалары істен шыққан, теміржолдан арбамен өтуге жағдай жасалмаған;

- электр жүйелерін жүргізу кезінде өрт қауіпсіздігі сақталмауда;

- жарнама маңдайшалары сапасыз қондырылған, яғни қауіпсіздік ережелеріне мүлдем сәйкес келмейді;

-теміржол вокзалындағы асханада санитарлық талаптар сақталмаған;

- өрт немесе басқа да оқыс жағдайлар орын алған кезде қажетті апаттық шығу есіктері жабық тұр;

- өрт гидранттары мен өрт сөндіру құралдарының орналасқан жері туралы мәлімет жоқ;

- «Ана мен бала» бөлмесінің тазалығы, жабдықталуы санитарлық талаптарға сай емес;

- мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған бөлме де талапқа сай жабдықталмаған; 

- теміржол билеттері вокзал кассаларында жоқ болғанымен жеке кәсіпкерлік нысандары арқылы қымбат бағамен сатылуда.

«Атырау теміржолы» АҚ-ы Атырау магистральдық желі бөлімшесі филиалы директорының орынбасары Айбек Қуанышевтің айтуынша 2025-2027 жылдары көлік министрлігінің тапсырмасымен Атырау теміржол вокзалына қайтадан жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарланған. 

- Күрделі жөндеу жұмыстары кезінде вокзал ғимараты кеңейтіледі. Сол кезде жеделсаты орнату да жоспарда бар. Мұндай ауқымды жұмыстар тек күрделі жөндеу кезінде жасалады, - деді Айбек Қуанышев.  

Комиссия мүшесі Қаршыға Джаумбаев вокзал басшылығына орын алған олқылықтарды ретке келтіруді және бір айдан кейін осы мәселелерді арнайы «Депутат күні» отырысында талқылауды ұсынды.

Сондай ақ уақытша комиссия төрайымы Айжан Сәрсембаева айтылған барлық сын - ескертпелер хаттамаға енгізіліп, «Қазақстан теміржолы» ҰК АҚ-ы басшылығына жолданатынын жеткізді. 

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ 

25 қаңтар, 17:45

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.