
Биыл облыстық әділет департаментінің мамандары зияткерлік меншік саласына жоспардан тыс тексеру жұмыстарын жеті мәрте жүргізді. Нәтижесінде құны 350 мыңнан астам теңгені құрайтын 297 контрафактілік өнім тәркіленіп, кәсіпкерлерге ҚР ӘҚБтК-нің 158-бабы бойынша жалпы сомасы 470 мың теңгеге жуық әкімшілік айыппұл салынды. Бұл туралы Атырау облысы бойынша әділет департаментінің басшысы Асулан Каримов баспасөз мәслихатында мәлім етті, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
- Анықталған заңбұзушылық бойынша тауар белгісін заңсыз пайдаланған 6 кәсіпкердің әрқайсысына 77 532 теңге көлеміндегі айыппұл салынды. Зияткерлік меншік – адамның ақыл-ойының, шығармашылық еңбегінің нәтижелеріне қатысты заңды құқықтар жиынтығы. Ол материалдық емес мүлікке жатады. Сондай-ақ оны біреудің меншігіне бермейді және тек құқық иесінің келісімімен пайдаланады. Жалпы зияткерлік меншік құқығын сақтау және қорғау саласындағы заңнаманың талаптарын түсіндіру мақсатында департаментпен семинар, кездесулер өткізіліп тұрады, - деді А.Каримов.
Бұдан бөлек департамент азаматтар мен кәсіпкерлерге зияткерлік меншіктің жаңа объектісі — «географиялық нұсқама» туралы түсіндірме жұмысын жүргізуде. Департамент басшысының сөзінше, зияткерлік меншіктің жаңа объектісі ретінде тіркелуге жеке кәсіпкерлерден он өтініш түскен. Оның сегізі қанағаттандырылып, азаматтар өз құқықтарын қорғау құжаттарын алған.
- Атап өтетін болсақ, «Амангелді» ЖШС-нің (5) балық өнімі, «Нұрриза» жеке кәсіпкерлігінің шаған және жиде ағаштарынан жасалған (2) домбыралары, сонымен бірге «Пом-Пон» ЖК-нің (1) Жылыой жүзімдері жергілікті бренд ретінде тіркелді. Жалпы географиялық нұсқама жергілікті өнімдеріміздің ерекше қасиеттерін көрсете отырып, оны шетелге танымал етуге мүмкіндік береді, соған сәйкес өңірімізге туристерді тартудың бірден-бір құралы ретінде есептеледі, - деді А.Каримов.
В Атырау -1