
Бұл әуе компаниялары арасындағы бәсекелестікті арттырады. Бәлкім, Атырау облысының тұрғындары үшін билет бағасы арзандауы мүмкін.
Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат НҰРТАЕВТЫҢ мәліметінше, ашық режим әуежай мен өңір экономикасының дамуына айтарлықтай әсер етіп, халықаралық және ішкі рейстер санының көбеюіне, сондай-ақ Батыс Еуропа, Таяу Шығыс және Азия сияқты маңызды бағыттар бойынша тікелей әуе рейстерінің ашылуына әкеледі.
Айтпақшы, осы жылы қолданыстағы әуежайда жаңа аэровокзал кешенінің құрылысы басталатыны да белгілі болды. Инвестициялық жоба аясында жаңа аэровокзал кешенінің ауданы 16 500 шаршы метрді құрайды. Шетелдік компания нысанды үш жаңа телескоптық басқыштармен жабдықтайды. Сондай-ақ ұшып-қону аймағын айтарлықтай кеңейту жоспарлануда.
– Өткен жылы инвестормен меморандумға қол қойылғаны туралы бұған дейін хабарланған болатын. Әуежай құрылысы биыл басталып, келесі жылы толығымен аяқталады деп жоспарлануда. Қазіргі әуежай жылына 1,2-1,3 миллион жолаушыға қызмет көрсетсе, жаңа терминал іске қосылғанда 6 миллионға дейін жолаушыны қабылдауға мүмкіндік туады, - деді облыс әкімінің орынбасары Қ.Нұртаев.
Айтпақшы, Атырау облысының әкімдігі мен «QazAir Investments LLC» арасындағы меморандум аясында қазір әуежайды инвестордың сенімгерлік басқаруына беру жұмыстары жүргізілуде. Салынатын жаңа әуежай жалпы алғанда логистикалық орталық ретінде дами алады, ал Атырау мұнай-газ өнеркәсібі үшін маңызды хабқа айналуы мүмкін. Туризм саласының дамуы жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді. Жаңа халықаралық және ішкі рейстер ашылып, Атыраудың басқа қалалармен және елдермен байланысы нығая түседі.
«АЖ» анықтамасы
Қазіргі уақытта Атырау халықаралық әуежайы аптасына жеті бағыт бойынша 89 ішкі рейстерді орындайды. Алты халықаралық бағыт бойынша аптасына 21 рейс орындалады.
Дайындаған Анастасия ШЕРСТЯНКИНА
В Атырау -1