
Атырау облыстық перинаталдық орталығының дәрігерлері жүкті әйелге күрделі ота жасап, оның өмірі мен баланың өмірін сақтап қалды.
38 апталық жүктілік кезінде әйелге «жатырдағы екі тыртық және плацентаның босану жолында орналасып, жатырдағы тыртыққа енуі» деген диагноз қойылды. Бұл Placenta percreta деп аталатын жағдай, яғни плацентаның қалыпты емес өсуі.
- Пациент жоспарлы түрде орталыққа жатқызылып, операция арқылы босандырылды. Пациентке аутогемотрансфузия аппараты мен “лапаротомиялық ультрадыбыстық скальпель” құрылғысы арқылы жасалған ота сәтті өтіп, әйелдің репродуктивтік органдары (метропластика) сақталды. Ота кезінде жұлынға кешенді эпидуральды анестезия қолданылды, бұл науқастың ояу болуына және толық есін білуіне мүмкіндік берді, деп хабарлады денсаулық сақтау басқармасы.
Басқарманың мәліметінше, мұндай ота перинаталдық орталық тарихында 2023 жылдан бастап жасалады. Осы жолы алғаш рет аутогемотрансфузия аппараты колданылған. Яғни ота үстінде кеткен қан қайта пациенттің өзіне құйылды, осының арқасында донор қажет етілмейді. Плацентаның жатырға жабысып өсуі және бұрынғы операциядан қалған тыртықтар кесарь тілігін жасау кезінде үлкен қауіп тудырып, көп жағдайда мұндай ота кезінде қан кетіп, әйелдің жатырын алып тастауға тура келетін болған.
-“Жаңадан алынған аппараттардың көмегімен ота сәтті өтті. Әйелдің жатырын сақтап қалдық. Қазір баланың да, ананың да жағдайы жақсы. Олар тәулік бойы мамандардың бақылауына алынды”, – дейді бас дәрігердің орынбасары Меруерт Айдарханова.
Айта кетейік, аутогемотрансфузия аппараты мен ультрадыбыстық скальпель орталыққа жақында сатып алынған заманауи жабдықтар. Денсаулық сақтау басқармасы отаның бұл түрі заманауи құрылғылар мен жоғары технологияларды қажет ететіндіктен, құны шамамен 1 миллион теңге тұратынын, алайда бұл ота МӘМС жүйесі арқылы науқасқа тегін жасалғанын мәлімдеді.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
В Атырау -2