
Атырау облысындағы «Морское» кен орнында мұнай араласқан сұйықтық төгілгені анықталды. «Қожан» АҚ апаттық жағдай туралы дер кезінде хабарламаған.
Атырау облысы бойынша экология департаменті Атырау облысының мамандырылған табиғат қорғау прокуратурасының 2024 жылғы 25 желтоқсанындағы тексеру тағайындау туралы талабы негізінде «Қожан» АҚ-ның «Морское» кен орнындағы №56 ұңғыда орын алған апаттық жағдай кезіндегі экологиялық заңнамалардың сақталуы бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізді.
- Тексеру барысында, «Қожан» АҚ-ның Жылыой ауданында орналасқан «Морское» кен орнындағы№56 ұңғыда апаттық жағдай болғаны расталып, салдарынан ластаушы заттардың шығарындылары рұқсатсыз шығарылғаны, жерге мұнай араласқан сұйықтық төгіліп, топырақ ластанғаны және бұл дерек бойынша заңмен көзделген мерзімде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға хабарламағаны анықталды,- деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Тексеріс нәтижесімен, апаттық шығарындылар шығаруды хабарламауға қатысты «Қожан» АҚ-на аталған бұзушылықпен келісіп, мойындауына орай, қысқартылған түрде 393 200 теңге айыппұл салынды.
Сондай-ақ, апаттық шығарындылардырұқсатсыз шығару фактісі бойынша заңды тұлғаға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, қазіргі таңда қаралуда.
Бұдан басқа, жерге мұнай араласқан сұйықтық төгіліп, топырақ ластану дерегі бойынша Атырау облысы Полиция департаментіне Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің нормаларына сәйкес процессуалды шешім қабылдау үшін тиісті құжаттар жолданды.