Атырау, 24 желтоқсан 15:31
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 510.18
€ 601.91
₽ 6.51

​Су тасқынынан кейін Атырау облысында жолдар мен көпірлер қалай қалпына келтіріліп жатыр

Сурет
997 рет қаралды

Өткен жылғы су тасқыны кезінде облыста бірнеше жол жырылып, көпірлер істен шыққан  болатын. Алайда жолдар мен көпірлерді қалыпқа келтіру жұмыстары жұртшылықты толық қанағаттандырып отырған жоқ деуге болады.

Қызылқоға, Индер, Жылыой, Махамбет аудандары мен Атырау қаласы аумағында барлығы 11 көлік инфрақұрылымы нысандары мен 6 көпір істен шықты.

Келтірілген шығындардың жалпы құны 8,8 млрд теңгені құрады. Аталған жұмыстарды жүзеге асыруға жергілікті бюджеттен 2,8 млрд теңге, ал ҚР Үкіметінің резервінен 5,9 млрд теңге бөлінді. Бұл қомақты қаржыға 27,9 шақырым жолды қалыпқа келтіру, 6 көпір, 13 дана мал өткелі, 49 су өткізгіш құбыр салынуы керек болды. Бұларды қалпына келтіру өткен жылға қолға алғанымен әлі күнге жөндеуі біткен жоқ. Өйткені қаржылар бөлінгенімен кеш түсуіне байланысты мердігерлер жұмысын бастап кете алмаған. «Атырау-Индер» тас жолын қалпына келтіру үшін «Қазақдорстрой» ЖШС-не 759 млн теңге бөлінген болатын. 

- 100 метр көпір салу үшін жобалау-сметалық құжаттасы жасақталуда. 2025 жылдың ақпан айында мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынып, 2025-2026 жылдарына дейін құрылыс-мотаждау жұмыстары аяқталып, қолданысқа беріледі деп отырмыз. Бұзылған көпірдің тұсына айналма жолы салынды,-дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқарма басшысының орынбасары Ержан ХАЙНОЛЛАЕВ.

 АУДАНДАРДАҒЫ АХУАЛ

МАХАМБЕТ ауданының аумағындағы облыстық маңызы бар «Атырау-Индер» тас жолын орташа жөндеуге 1 млрд 503 млн теңге бөлініп, мердігер «Атырау Жолдары» ЖШС 3 мал өткелі, 19 су өткізгіш құбыры құрылысын 90 пайызға орындаған. 2025 жылдың наурыз айында жұмысты толық бітірмекші. Сарытоғай ауылына кірме жол мен 8 су өткігіш құрылысына 89 млн теңге бөлініп, мердігер «West Buildinq Group» ЖШС жұмысын толық бітірген. Талдыкөл ауылындағы кірме жолдың негізгі қабаты пайдасыз болуы салдарынан және жобада көзделінбеген көпір өткелінің зертханалық қорытындысы жарамсыз болуына байланысты аталған жобаға түзету енгізіліп, құрылыс жұмыстары 2025 жылдың бірінші тоқсанында басталып кетуі тиіс. Бүгінде бұл жұмысты мердігер «АВС Лимитед» ЖШС атқаруда.

ҚЫЗЫЛҚОҒА ауданындағы Ойыл өзенінің тасуынан Қарабау ауылының кірме жолы және «Индер- Қарабау-Миялы-Сағыз» тасжолының 3 көпірі мен 4,3 шақырым жол жабындысын қалпына келтіру міндеті тұрды. «АтырауИнжСтрой» ЖШС Индер-Қарабау-Миялы-Сағыз жолын қалпына келтіру, көпір, су өткізгіш салу (құны 1 млрд 323 млн теңге) жұмысын жүргізуде. 90 пйыз жұмыс атқарылып, Миялыға кіре беріс көпір салынып, уақытша пайдалануға берілген. Ал «АссанаДорСтрой» ЖШС жолды орташа жөндеу, 15 су өткізгіш, 6 мал өткізгіш (құны 1 млрд 368 млн теңге) жұмысын 90 пайызға атқарған, наурыз айында толық аяқтамақшы. «Даму Құрылыс» ЖШС 81млн теңгенің Қарабау ауылына кіре беріс жол жұмысын атқарып шыққан.  

ЖЫЛЫОЙ ауданындағы Жем өзенінің тасуынан ауданішілік жолын қалпын келтіруге 2 млрд 390 млн теңге бөлініп, «Казкомсервис» ЖШС өзіне тиесілі жұмысты 90 пайызға орындады. Құлсары қаласына төсемтас төсеуге 321 млн теңге бөлініп, «Өмірзақ» ЖШС жүз пайызға атқарған. Алайда Шоқпартоғай ауылы тұсындағы жол қалыпқа келген жоқ (суреттерде). Құлсары қаласындағы «Достық» ықшам ауданындағы автомобиль көпірі істен шыққан болатын. 2024 жылы 12 желтоқсаннан бастап «SK Kazalem» ЖШС жұмысты (құны 475 млн теңге)  қолға алып, наурызда аяқтауға уәде беруде. Құрылысқа қажетті материалдар Ресейден алынса, 20 техника, 40 жұмысшы еңбек етуде.

ИНДЕР ауданындағы кентке кіреберіс 7 км жолға 550 млн теңге бөлінген. Орташа жөндеу жұмыстарын «Казсервисгруп» ЖШС атқаруда. Жол жұмысы толық біткен жоқ, 1 су өткізгіш, 4 дана мал өткелі салынуда, көлік қатынасы үшін қосымша айналма жол салынған. Жұмыс 90 пайызға орындалған.   

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттерді түсірген автор 

22 қаңтар, 14:16

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.