
Атырау облысында 2025 жылы мұнай химиясы және машина жасау салалары үшін жоғары білікті мамандарды даярлаудың ауқымды бағдарламасы іске асырылады. Жұмысшы мамандықтары жылы шеңберінде 4,5 мың жаңа жұмыс орнын ашу және жастарға арналған шеберлік сыныптары мен өндірістік тәжірибені қоса алғанда, білім беру іс-шараларын өткізу жоспарланып отыр.
«Біз колледждерді реформалау, оқу бағдарламаларын бейімдеу, оқытушылардың біліктілігін арттыру және инфрақұрылымды жаңғырту арқылы маман даярлауды дамытуды жалғастырамыз. Ортақ мақсатқа қол жеткізу үшін мемлекеттік және жеке ұйымдардың, сондай-ақ кәсіподақтар мен “Атамекен” ҰКП-ның ынтымақтастығы маңызды саналады. Колледждерге маман даярлау кезінде жан басына шаққандағы қаржылай қолдау өсуде. Инфрақұрылымды жаңарту бағытында, студенттерді жатақханамен қамту және жұмысшылардың қоғамдағы имиджін арттыру жөнінде көптеген жұмыс жоспарланды. Оқушылар мектепте жүрген кезінен болашақ мамандығын жоспарлай алады», — деп атап өтті Атырау облысы Білім беру басқармасының басшысы Марат Әбуов.
«Аталған мәселелерді шешу мақсатында алдағы 5 жылдықта 4,5 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Жоспарға сәйкес көп жылдық тәжірибесі бар мамандарды жастар арасында шеберлік сыныбын өткізу, сонымен қатар ЖОО, колледж студенттерін өңірдегі ірі кәсіпорындарда өндірістік тәжірибеден өткізу жоспарлануда», — деп атап өтті Атырау облысы Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Данияр Орынбасаров.
«“ТексолТранс” компаниялар тобы – машина жасау өндірісін дамытумен айналысуда. Соңғы жылдары кадр тапшылығына тап болдық, бізге керек жұмысшы мамандықтары даярланбайды. Сондықтан біз бірқатар білім беру мекемелерімен шарт жасастық. Жастарды тәжірибеден өтуге шақырып, оларға Атырау вагон жасау зауытында заманауи жабдықта жақсы жұмыс істеу дағдыларын алуға мүмкіндік береміз. Біздің өтініміміз бойынша колледждерде жаңа бөлімдер ашылады, ЖОО-лар – қазіргі уақытта бізге қажетті мамандықтар бойынша жаңа факультеттер ашуды жоспарлауда», — деп атап өтті «ТексолТранс» ЖШС бас директоры Борис Зиганшин.
В Атырау -1