Қылмыстық кодекске пара ұсынуды және оны беруге уәде етуді криминализациялау бойынша түзетулер ұсынылды. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заң жобасын талқылау кезінде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform.
- Пара беруге уәде ету әрі пара беруді ұсыну үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу ескерілген. Бұл - заң жобасының негізгі бастамаларының бірі. Қылмыстық кодекске пара ұсынуды және оны беруге уәде етуді криминализациялау бойынша түзетулер, біріншіден, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын орындау үшін заң жобасына енгізілген. Осы жоспардың 41-тармағына сәйкес, Агенттікке талған нормаларды каөздейтін заң жобасын Мәжіліске енгізуді қамтамасыз ету тапсырылды. Екіншіден, бұл мәселе 16 жылдан бері күн тәртібінде тұр. 2008 жылы Қазақстан ратификациялаған БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясында параны уәде етуді, ұсынуды, бопсалауды қылмыс санатына жатқызу қажет екені қарастырылған, - деді Ұ. Сарқұлов.
Пара ұсынуды және оны беруге уәде етуді криминализациялау бойынша ұсынымдар Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы сарапшыларының есептерінде тұрақты негізде қамтылған.
- Түзетулерді пысықтау барысында алыс және жақын шет елдердің халықаралық тәжірибесі мұқият зерделенді. Мәселен, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының барлық 38 елінде пара ұсынғаны әрі оны уәде еткені үшін қылмыстық жауапкершілік бар, өйткені оның заңнамада болуы ОЭСР-ге кірудің міндетті шарты саналады. Бұл норма посткеңестік аймақтағы көптеген мемлекеттердің заңнамасында да көзделген (Әзірбайжан, Армения, Грузия, Қырғызстан, Литва, Молдова, Украина, Эстония). Мұндай қылмыстар бойынша шетелдегі сот-тергеу практикасы минималды, жекелеген жағдайлар ғана анықталады, бірақ осы сияқты баптың болу фактісі тіпті пара туралы әңгіменің өзі қолайсыз болатындай тәртіпке келтіреді және тиісті мәдениетті қалыптастырады. Пара туралы уағдаластықты аяқталған қылмыс деп тану айқын профилактикалық әсерге ие болады, бұл мемлекетке зиян келтіргенге дейін парақорлықтың жолын кесуге мүмкіндік береді, - деді агенттік өкілі.