Полицияға қала тұрғынынан арыз түсті: биылғы жылдың ақпанында 29 жастағы әйел адам пәтер алып беруге көмектесемін деген уәдемен 9 мың доллар ақшасын алып, ғайып болған. Алаяқ ұсталып, басқа жаққа кетпеу туралы қолхатпен босатылды.
***
23 шілдеде түн ортасында Азаттық даңғылындағы үйлердің бірінің жанынан 42 жастағы әйел адам Нұрсая ықшамауданының 36 жастағы тұрғынына дене жарақатын салған. Бұзақы ұсталып, басқа жаққа кетпеу туралы қолхатпен босатылды.
***
Полицияға 21 жастағы жас жігіттен шағым түсті: 22 шілдеде сағат 23.00-де көшеде белгісіз біреу құны оның 48 мың теңге болатын күміс алқасын тартып алған. Тонаушы 42 жастағы ер адам боп шықты. Оған іздеу жарияланды.
***
24 шілдеде тал түсте Әлиев – Сатыбалдиев көпірінің маңынан Жайық өзеніне шомылып жүрген Құрманғазы ауданының Балқұдық селосының тұрғыны, 30 жастағы ер адам суға батып кетті. Оның денесін судан құтқару қызметінің қызметкерлері бір сағаттан кейін алып шықты.
***
Полицияға 34 жастағы қала тұрғынынан шағым түсті: маусымда 18 жастағы қыз оны жұмысқа орналастырам деп уәде беріп, одан 75 мың теңге алып, ғайып болған. Осындай шағыммен 70 жастағы зейнеткер хабарласты: оның танысы 70 мың теңгеге жұмысқа орналастыруға уәде беріп, уәдесін орындамаған. Алаяқтық жасаған екі күдіктіге іздеу жарияланды.
***
Авангардта кафелердің бірінің жанында 24 жастағы әйел 33 жастағы әйелді соққыға жыққан. Бұзақыны «Тосқауыл» жасағы ұстап, ол басқа жаққа кетпеу туралы қолхатпен босатылды.
***
28 шілдеге қараған түні Атырау-Орал трассасында жол полициясы мен Индер АІІБ қызметкерлері ілеспе құжаттарсыз 900 келі қара балық тұқымдастар тиеген «Фольксваген-Пассат» көлігі мен 400 келі қара балық тиеген «Фоксваген-Гольф» көлігін ұстады. Екі көліктің де жүргізушілері - Батыс Қазақстан облысының 35 жастағы тұрғындары.
***
28 шілдеде сағат 16-да Махамбет ауданының Алмалы селосының маңында суға шомылып жүрген 33 жастағы ер адам суға батып кетті. Оның денесін судан құтқару қызметкерлері екі сағаттан кейін шығарып алды.
***
Еркінқала поселкесінде 30 шілдеде отбасылық ұрыс-керіс барысында 27 жастағы ер адам шақыртумен келген полицияның учаскелік инспекторының қолын тарелке сынығымен жарақаттаған. Бұзақы ұсталып, басқа жаққа кетпеу туралы қолхатпен босатылды.