Атырау, 9 қаңтар 21:22
 ашықВ Атырау -3
$ 527.23
€ 544.05
₽ 5.05

2025 жылы мұнай бағамы қалай құбылады

183 просмотра

2024 жылы мұнай-газ саласындағы баға саясаты қалт-құлт етіп, жылжабар көрсеткішті барреліне 80 доллар шамасында әзер ұстадық, деп жазады Kazinform.

Үкіметтің келер жылғы мұнай бағасына қатысты болжамы да көңіл көншітпей тұр – биылғы межеден аз. Саладағы бағам экономикаға қалай әсер етеді, сарапшы пікірі қандай? тілшісі тақырыпты тарқатты. 

Ұлттық банк қараша айында ақша-кредит саясаты туралы баяндама әзірледі. Онда мұнайдың келешек тағдыры, мемлекет тарапынан жасалатын болжамды шешім қамтылған. Дерекке сенсек, 2025 жылы Brent маркалы мұнайдың құны барреліне 70 АҚШ долларынан аспайды. Үкімет мұндай жағымсыз базалық сценарийдің себебін сыртқы факторға сүйеген. Қытайдағы сұраныстің төмендеуі, АҚШ-тағы мұнай өндірісінің дамуы әсер еткен көрінеді.

- 2025-2026 жылдары мұнай бағасы барреліне 70 долларды құрайды. Қытай мен ЭЫДҰ елдерінен сұраныс әлсіз. Сондай-ақ 2025 жылы әлемдік экономиканың өсуі бұрын болжанған деңгейден төмен болады деп күтілуде.

ОПЕК+ елдерінің 2025 жылдың басынан бастап мұнай өндіруге шектеуді жеңілдетуі және Солтүстік, Оңтүстік Америка елдерінде өндірісті ұлғайту мұнай нарығындағы ұсыныстың профицитіне ықпал етеді, – делінген баяндама мәтінінде.

Бұл – алаңдарлық болжам. Тіпті, болжамнан гөрі ескертуге жақын десек болады. Себебі мұнай бағасының түсуі ел экономикасына жақсы нышан емес. Қазынаға түсетін табыстың жарымынан көбі қара алтынға тәуелді кезеңде пайданың азаюы инфляцияны шарықтатып, бюджеттің орнын ойсыратуы мүмкін.

Алдымен «мұнай бағасының құлдырауының нақты себебі не?» шынымен геосаяси қадамдар нарыққа әсер етіп отыр ма?» деген сауал маңызды. Мысалы, биыл мұнай өндірісі шоғырланған Таяу Шығыста қаншама қақтығыс болды, жүйе құлады. Қызығы, сол шиеленістен мұнай бағасына айтарлықтай өзгеріс енгенін көрмедік.

Кей сарапшылар аталған үрдісті кейін де сақталады деп отыр, себебі қақтығыс қағидасына сәйкес тараптар бір-бірінің мұнай өндіру нысанын қиратып жатқан жоқ. Демек, энергетикалық нысандар бүтін, мұнай өндірісі тоқтаусыз. Бағаға әсер етпеуінің де мәні осыдан шығады.

Ұлттық банк тіксінген тақырып – АҚШ-тағы мұнай өндірісінің артуы. Тікелей айтылмаса да, жанама нұсқағаны байқалады. Білетініміз, жаңадан сайланған АҚШ президенті Дональд Трамп елдегі мұнай өндірісін дамытатынын, заңға өзгеріс енгізетінін жасырмады. Сондықтан келер жылдан бастап мұхиттің арғы бетіндегі держава мұнай импортын қайта қарауы мүмкін.

Дегенмен мұнай-газ сарапшысы Асқар Исмаилов бұл өзгеріс Қазақстан нарығына әсер етеді дегенге сенбейді. Айтуынша, елдегі мұнай өндіруші компаниялардың экспортқа қатысты позициясы АҚШ ұстанымынан тәуелсіз.

- АҚШ-та мұнай өндірудің ауқымды өсуі алдағы 5-6 жылда болуы екіталай екенін айтқым келеді. Бұл – саланың ерекшелігі. Екіншіден, Қазақстаннан экспортталатын мұнайдың барлығы қазірдің өзінде келісімшартпен бекітілген. 

Негізгі тұтынушылар – Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ жобаларында жұмыс істейтін мұнай өндіруші компаниялар. Қытайлық мұнай өндірушілер мұнайдың бір бөлігін қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарына, қалғанын Қытайға жөнелтеді. Осылайша, АҚШ-та мұнай өндіру көлемінің өсуі қазақстандық мұнайға деген сұранысқа еш әсер етпейді, - деді ол.

Жалпы сарапшылар шынайы өзгерісті Қытай тарапынан күту керек деген ұстанымда. Morgan Stanley банкінің дерегінше, ҚХР-дағы мұнайға деген сұраныс жылдан-жылға бәсеңдеп келеді. Мысалы, былтыр ондағы мұнай тұтыну небәрі 0,8% өсті, 2025 жылы да жарымай тұр – 1,3% ғана артпақ. Оған себептің бірі – электр көліктің көбеюі. Былтырдың өзінде шығыстағы көршімізде 9,7 миллион автокөлік сатылған, сондықтан жанармайға сұраныс азайып барады.

Ендігі үміт – ОПЕК+. Ұйымға мүше-елдердің келісімі мұнай бағасын тұрақтандыруға әсер етуі мүмкін. Ортақ келісім аясында экспорт-импорт саясатын нақтылауға болады.

- Бұл жағдайға үлкен әсер етеді. ОПЕК+ өндірістік қуаттардың резервіне ие, сондықтан мұнай өндіру көлемін шектеуден бас тарту бағаның күрт төмендеуіне әкелуі мүмкін. Қазіргі таңда ОПЕК+ – әлемдік мұнай нарығына қысқа мерзімде ықпал ете алатын жалғыз ұйым, - деді сарапшы.

Қазақстанда жер астындағы қара алтын мемлекет меншігі саналғанымен, оның өңдіріп-сату инвесторлар мен жеке және ұлттық компаниялар еншісіне берілген. Energy Monitor қоғамдық қорының директоры Нұрлан Жұмағұловтың айтуынша, Қазақстанда мұнай өндірісімен тікелей 93 компания айналысады. Шикізаттың 30,9%-ын – АҚШ, 30,6%-ын – Қазақстан, 17,2%-ын Еуропа компаниялары, 15,6%-ын – Қытай, тек 3%-ын Ресей өндіреді. Өткен жылы мұнай компаниялары 90 млн тонна мұнай өндіріп, 70 млн тоннасын экспортқа жөнелтіпті.

- 2023 жылдағы экспорт бағытын қарайтын болсақ, ең көп 24 млн тонна Италияға тасымалданған. Бірақ ол елді Қазақстан мұнайын қабылдайтын ең ірі сатып алушы деп атауға келмейді. Италиядағы Триест теңіз порты арқылы қара алтын Еуропа елдеріне тасымалданады. Негізі Қазақстан мұнайының ең ірі экспортері – Германия, – деді Н.Жұмағұлов

Осы орайда Қазақстанның есесі кеткен тұс бар. Сарапшылар билік елдегі шетелдік ірі мұнай компанияларының баға саясатына араласа алмайтынына қынжылады. Бастапқы келісімде солай уағдаласқан, сондықтан оны өзгерту әзір мүмкін емес.

- Қазақстан ірі шетелдік мұнай компанияларының баға саясатына еш әсер ете алмайды. Біріншіден, әрбір кен орнында қабаттардың күрделілігі мен қолданылатын технологияға байланысты өзіндік өндіріс құны бар. Екіншіден, қол қойылған СРП-ӨБК (өнімді бөлу туралы келісімдер) Қазақстанды мүлде шектеуде. Республика бұл жобаларға тек экологиялық нормалар арқылы ғана ықпал ете алады.

Бұл механизм сәтті қолданылып келеді. Бірақ баға саясатына қатысты, Қазақстан өз келісімдерінің тұтқыны болып отыр. ӨБК-ны қайта қарау әрі түбегейлі өзгерту керек. Әйтпесе, кен орындарындағы пайдадан қағылып, болашақ ұрпақтың құрметін де жоғалтуымыз мүмкін», - деді А.Исмаилов.

Бүгін, 09:34

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.