Атырауда ТКШ терможаңғырту бағдарламасының шеңберінде көппәтерлі үйлердің жөнделіп жатқанына үшінші жыл болды. Осы уақыт бойына «АЖ»-ға жөндеу жұмыстарының сапасына мүлдем көңілдері толмайтын қала тұрғындары шағымдарын айтып келеді.
КҮНҚАҒАРЛАР КӨРКЕЙДІ
Бұл жолы редакцияға Авангард 2-ші ықшамаудандағы №3 үй тұрғындары хабарласты. Олардың айтуынша, бұл жерде жөндеу жұмыстары өткен жылдың қараша айынан бері жүріп жатыр екен. Белгісіз себептермен жұмыстар ұзақ уақытқа тоқтатылып, қайта жанданған. Подъездердің күнқағарлары тұрғындардың қатты кейістігін туғызыпты. Оларды «ОралСпецСтройПроект» ЖШС мердігер мекемесі бұзуға уәде берген екен.
- Бастапқыда кез келген уақытта опырылып түсуі мүмкін ескі күнқағарларды алып тастауы тиіс деп ескертілген еді. Ал енді бұл жоспар өзгеріп кетті. Ескі күнқағарларға біз келіспесек те пластик панельдерді «кигізіп қойды». Енді пластиктен бұл күнқағарлардың қандай күйде екені мүлдем көрінбейтін болды, дейді ашуланған №3 үйдің тұрғындарының бірі. – Жалпы басталған жөндеу жұмыстарының неліктен ұзақ уақытқа тоқтап қалғаны түсініксіз.
«ОралСпецСтройПроект» ЖШС директоры Мәлік САТЫБАЛДИННІҢ бұған қатысты өзайтары бар екен:
- Бұл үйдегі жөндеу жұмыстары өте кеш – қарашаның аяғында басталды. Аяз түскенше шатырды, қасбетін жөндеп, балкондарды қаптап, домофоны бар есіктерді орнатып үлгеру керек. Қазіргі кезде үйдің жылу мен кәріз жүйелері ауыстырылды, жалпыүйлік жылу есептегіштерді орнату үшін арнайы орынжай жарақталды. Таяу уақытта жертөлелерді тазартумен айналысамыз. Күнқағарларға келер болсақ, шынымен де, біз оларды бұзуға тиіс едік. Бірақ олардың берік болғаны сондай, үйдің кейбір құрылымдарына кері әсерін тигізуі мүмкін еді. Содан соң біз сараптамаға тапсырыс бердік, сараптама мұны растады. Сөйтіп, адамдарға күнқағарларды көркейтуді ұсындық, оларды профлистпен қаптап, металл тіреулермен бекіттік. Бұл шешім біреуге ұнар, біреуге ұнамас, бәрінің көңілінен шығу мүмкін емес қой, көңілі толмайтындар қашан да табылады.
№3 үйді терможаңғыртуға 33 млн теңге бөлінді. М. Сатыбалдиевтың айтуынша, қосымша сараптамадан кейін жеке тармақпен тағы 4 млн теңге қосылған.
ӨРТ ЖАЛМАҒАН ШАТЫР
Терможаңғырту үнемі «АЖ» назарында болады. Биылғы жылдың мамырында мердігер компания сметада айтылған бүкіл жұмыс көлемін орындамады әрі сапасы да өте нашар деген уәжбен, Махамбет көшесіндегі №119 үйдің тұрғындарының жүргізілген жөндеу жұмыстары үшін ақша төлеуден бас тартқандығы туралы хабарлаған едік («Жағымсыз иіс мүңкіп тұр»). 2012 жылдың күзінде жылу маусымының қарсаңында Авангард 2-ші ықшамауданындағы №7 үй тұрғындары алақол мердігердің қызметінен мүлдем бас тартқан («Қысқа дейін үлгереді»). Ал Авангард 2-ші ықшамауданындағы бес қабатты №4 үйдің түгі қалмай жанып кеткен шатырын еске алайық («Авангардта бес қабатты үйдің шатыры түгі қалмай жанып кетті») – ол өткен жылы осы бағдарлама аясында жабылған болатын. №4 үй тұрғындары өртке сапасыз орындалған жұмыстардың себеп болғандығына сенімді.
Терможаңғырту бағдарламасының алғашқы операторы боп табылатын «Атырау» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» (ӘКК) АҚ мәліметтері бойынша, 2011-12 жылдары көппәтерлі 15 үйді күрделі жөндеу және терможаңғырту жұмыстары жүргізілген (көптеген талаптар осы үйлерге қатысты). Жұмыс басталғанда 7 үйдің тұрғындарынан шағымдар түскен еді, олардың кейбіреуін ӘКК негізсіз деп есептейді. Қазіргі уақытта Привокзальный ықшамауданындағы көппәтерлі 3 «а» үй қабылданған жоқ. Ол жерде қасбетті жөндеу жұмыстары аяқталмаған. ӘКК сотқа беріп, ол мердігерді қалған көлемді орындауға міндеттеді.
Атыраулықтардың жұмыс сапасының нашарлығына наразылықтарын «Атырау» ӘКК былай деп түсіндіреді: «Жөндеу жұмыстары негізінен күзгі-қысқы кезеңдерде жүргізілді (тұрғындардың бастамасымен көктем-жаз маусымына ауыстырылған үйлер бар), соған сәйкес, суық түскенде тұрғындарда сапа бойынша талаптар туындады. Біздің талаптарымыз бойынша кемшіліктер жойылды. Бұдан басқа, ӘКК, құрылыс мекемесі және ПИК арасында жасалған келісім шарттары бойынша кепілдік мерзімінің (2 жыл) ішінде кемшіліктер табылған жағдайда мердігер мекеме оларды өз есебінен жоюға міндетті. Әр пәтердің меншік иесінің сметаға кедергісіз қол жеткізуге мүмкіндігі бар. Егер нақты жұмыс көлемінің сметадағы жұмыс көлемінен айырмашылығы анықталса, мердігерге оны міндетті түрде жою туралы жазбаша ескерту жолданады. Мердігердің тұрғындар бастамасымен бекітілген сметадан тыс жұмыстарды орындаған мысалдар көп.
БҰЛ ЖАҚСЫ ИДЕЯ, ТЕК...
Таяуда айтылғанМәжіліс депутаты Валентин МАКАЛКИННІҢпікірінше, шенеуніктер көп нәрсені бүгіп қалады, сөйтіп осы «халықтық жөндеу» мәселесіне қатысты қулықтар жасайды екен: «Тұрғындардың қамы – тек өздерінің пәтерлері ғана. Бірақ егер олар «Тұрғын үй қатынастары туралы» заң күшіне енген кезде 1997 жылға дейін жекешелендірілген болса ғана. Бұған дейін адамдар мемлекеттен тек тұрғын үй шаршыларын ғана сатып алды, бірақ шатырын, баспалдағы мен жертөлелерін емес. келісімшартта не жазылған? Елді мекен, көше, үй нөмірі, пәтер нөмірі, шаршы метрлер мөлшері. Мен осыларды – шаршы метрлер мөлшерін, пәтерді сатып алдым, үйді емес. Үй мемлекетке тиесілі. Конституцияда «жаңа міндеттемелер жүктейтін немесе олардың жағдайын нашарлататын заңдардың кері күші болмайды» деп жазылған. Ал үйді жөндеу бойынша жауапкершілік жүктеу – жағдайды нашарлататын жаңа міндеттемелер емес пе? Біз пайызсыз несие береміз дейді. Бірақ мемлекет өз меншігін жөндеуге пайызсыз несиені қалай береді?».
«Атырау» ӘКК «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға сілтеме жасай отырып, үй-жайлардың иелерi ортақ мүлiк пен үйдi ұстауға жұмсалатын барлық шығыстарға қатысуға мiндеттi деп растайды. Тұрғындардың шағымдарының көптігіне қарамастан, терможаңғырту жалғасын табады. Қала әкімі Серік АЙДАРБЕКОВТІҢ бірінші жартыжылдық бойынша қалалық мәслихат алдындағы есебіне қарағанда, терможаңғырту шеңберінде көппәтерлі 46 үйді күрделі жөндеу жоспарланған.
Атырау ПИК қауымдастығы төрағасының орынбасары Гүлнәр САЛИХОВАНЫҢ пікірінше, терможаңғырту идеясының өзі жақсы екен:
- Бірақ бізде, өкінішке орай, орындау жағы ақсап тұр. Кейбір мердігерлердің бұған жауапкершіліксіз қарауы бүкіл құлшынысты зая кетіреді. Егер жөндеу жұмыстарымен кеңестік дәуірдегі тресттер секілді арнайы компаниялар айналысса, бағдарлама анағұрлым тиімді болар еді. Ал әзірге тұрғындарға комиссия құрып, жұмыс барысын қатаң бақылауға алу керек.
Тамара СУХОМЛИНОВА
Суретті түсірген автор