Атырау, 24 сәуір 15:38
 ашықВ Атырау +19
$ 444.32
€ 473.33
₽ 4.76

Жағымсыз иіс мүңкіп тұр

2 742 просмотра

Махамбет көшесінің бойындағы №119 үйдің тұрғындары мердігер компания сметада көрсетілген жұмыс көлемін орындаған жоқ деген себеппен баспанаға жүргізілген терможаңғырту ақысын төлеуден бас тартып отыр.

Облыс орталығындағы үйлерді терможаңғырту бағдарламасының операторы «Атырау» ӘКК болып табылады. Үйге қызмет көрсететін «Бәйтерек алаңы» ПИК-і жасаған шығындар сметасы бойынша олар күрделі жөндеуге 25 млн теңге бөліп, мердігер жалдаған. Тұрғындар жұмыстардың сапасыз жүргізіліп жатқаны туралы ӘКК-ге әлденеше рет дабыл қаққан... 

2 мамырда үй тұрғындарының соңғы уақыт ішіндегі үшінші жиналысы өтті. Алдыңғы екі жиналыс «Атырау» ӘКК өкілдерінің мердігерлер келісімшарттың барлық талаптарын орындайды деп сендіруімен аяқталған еді. Тұрғындар тұрақты түрде мердігерлердің жұмысын тексеріп, жертөлеге түсіп тұратын слесарь жалдайды. Жиналыс қарсаңында ол тағы да жертөлеге кіріп, ол жерден б… малынып шыққан. Тұрғындарды терможаңғыртудың тесік кәріз жүйесінің проблемасын шешпегені және жертөленің тазартылмаған күйде қалғаны ызаландырып отыр. Біз пәтерлерге кіріп, жер-жерден жағымсыз иіс шығатынына, қабырғалардың бұрыштарынан сыз білініп, масалардың қаптап тұрғанына көз жеткіздік.

Жиналыста «Атырау» ӘКК-нің мемлекеттік сатып алулар департаментінің бастығы Гүлмира МЕҢДАЛИЕВА кәрізді жөндеу жұмыстары сапалы орындалғанын, ал жерасты суларының деңгейі жоғары болғандықтан жертөлені су басқанын мәлімдеді. Өткен жылы осындай жағдай көрші №121 үйде болған екен, бірақ су кейін өзі кетіп қалған.

Ал үй тұрғыны Бибігүл ҒИЗАТОВА былай деді:

–Сіздер олардан жөндеу жұмыстарын қалай қабылдамақсыздар? Сметада көрсетілген жұмыстар жүргізілген жоқ: жертөледе тұрбалар ауыстырылмады, кафель төселмеді, подъезді пенополистеролмен жылытпады, мыс электр сымдары монтаждалған жоқ, вентиляция шахтасын жөндеу кезінде бүкіл құрылыс қоқысы ішінде қалып қойып, оның бұзылуына әкелді… Осы үшін біздер ақы төлейді деп үміттенесіздер ме? Біз өткен жылдың қарашасында ӘКК-ге хат жазып, жөндеу жұмыстарының сапасыз жүргізіліп жатқанын айттық. Ешқандай шара алынбады. Содан кейін сіздерге желтоқсанда хабарладық. Менің сұрағым бар: ӘКК басшылығы нысанның 90 пайызға дайындығы туралы актіге қандай негізде қол қойған?

Жиналыста бұл сұраққа ақыры жауап алынған жоқ. Ал «Гил-Сер» мердігер компаниясының директоры Сержан АЙТЖАНОВ келісімшартта көрсетілген бүкіл жөндеу жұмыстары орындалды деп есептейді: шатырлар, подъездер, домофондар, жылу камералары, жылу есептегіш пен жертөледегі барлық тұрбалар.

– Ендеше жертөлеге неліктен су толған?

– Бұрынғы мердігерден, «Гаджиев» ЖК-ден сұраңыздар. Өткен жылы тұрбалар жүргізген солар.

– Кафельді неге төсемедіңіздер?

– Маған қыста тұрғындардың аяқтары тайып кетіп, зақым алу қаупін тудырады деп айтты. Біз тұрғындармен осы ақшаға жертөленің сызын азайту үшін іргетасты бұрғылап тесеміз деп келістік. Неге олар шұқылай береді? Подъездегі сылақтың сапасын балғамен тексереді, бос кеңістік іздейді. Мен оларға тезірек қабылдау актілеріне қол қойыңдар, ешқайда кетпеймін деймін. Өз жұмысыма мен екі жыл кепілдік беремін.

Жиналыс тұрғындардың мердігерге жұмыстарды аяқтауға кезекті 10 күндік мерзім беруімен аяқталды.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Тамара СУХОМЛИНОВА

9 мамыр 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.