Жыл қорытындысы бойынша, мұнай секторын есепке алмағанда Қазақстан экономикасының өсімі 5,1 пайызға жетті. Яғни, еліміз бірыңғай қара алтын өндірісіне байланбай-ақ алға жылжуға болатынын көрсеткендей. Бұл нәтижеге қалай қол жеткіздік, Қазақстан келер жылы да өсім динамикасын сақтай ала ма? Kazinform агенттігінің аналитикалық шолушысы сарапшылардың пікірін білді.
Экономист Олжас Құдайбергеновтің айтуынша, биылғы экономикалық өсімнің динамикасы 2025 жылы да қайталануы мүмкін.
– Шынында Қазақстанның отандық және шетелдік инвесторларға дұрыс қараған кезінде өсу әлеуеті бар. Қазір Қазақстанға Қытайдан, Таяу Шығыстан, Еуропадан, АҚШ-тан, Ресейден келетін инвесторлардың үлкен қызығушылығы байқалады. Егер бюрократия толық жойылса, биылғы экономикалық өсім қарқынын екі еселеп қана қоймай, бұдан да көп инвестициялардың келуіне жол ашады, – деп атап өтті сарапшы.
Оның пікірінше, мұнайдан басқа секторлардың өсіміне тауарлар өндірісінің ұлғаюы және өнеркәсіптік құрылыстың өсуі әсер етті. Бұдан басқа, көлік және байланыс саласындағы жүк тасымалдары Қазақстан арқылы белсенді өтуде. Бұл салалардың көлемі биыл 6-8 пайызға артқан.
Ал қаржы сарапшысы Арман Байғанов ауыл шаруашылығы сегменті мен жеңіл өнеркәсіп саласының даму үрдісін ерекше атап көрсетті.
– Өсімнің өңдеу өнеркәсібіне байланысты болуы қисынды, себебі биыл мұнай мен басқа да шикізат ресурстарының бағасы төмендеді. Көшбасшылар ретінде ауыл шаруашылығы, құрылыс, сондай-ақ сауда саласының қызметін атаймыз. Өйткені біз Ресейге жеткізуші транзиттік елге айналдық. Мен келесі жылы шикізаттан басқа секторлардың өсімі жалғасады деп есептеймін. Себебі шикізаттың құны тағы өспей қалуы мүмкін. Есесіне Қазақстан агроөнеркәсіптік кешен мен азық-түлік саласына көбірек қаражат бөлуде, – деп түсіндірді Арман Байғанов.
Сарапшының айтуынша, егер министрлер кабинеті өз инвестицияларын дұрыс бақыласа, онда экономиканың өсімі бұдан да көп болмақ.
Экономист Тимур Айсауытов Үкімет отандық өндірушілерді сыртқы бәсекелестіктен қорғауға бағыт алғанын, сондықтан Қазақстанда экономикалық өсім 6-7 пайызға жетуі мүмкін екенін айтады.
– Биыл алдын ала қорытынды бойынша, жалпы ішкі өнім 4,4 пайызға өсті. Жыл соңына дейін 5 пайызға жетуі мүмкін. Бұл жаман көрсеткіш емес, әсіресе, экономика баяулап тұрған пост-ковид кезеңінде. Алайда қазақстандық экономиканың әлеуетін ескерсек, бұл жеткіліксіз, себебі біздің құрылымымыз шикізатқа тән және экономиканың өсуі үшін үлкен әлеует бар. Қазақстанда орасан зор ресурстар тұр, халық аз болғанымен жоғары білікті кадрлар жетерлік. Ең бастысы, табиғи ресурстардың қоры мол, – дейді маман.
Айсауытовтың сөзінше, егер алдағы уақытта жаһандық экономикалық орталықтар арасында дағдарыс пен сауда соғыстары болмаса, ел экономикасының өсімі 2025 жылы да сақтала береді. Бұл тұста Қазақстан үшін өте маңызды саналатын логистикалық тізбектердің бұзылмағаны абзал.
– Әзірге жағдай болжамға сай және тұрақты. Менің ойымша, таяу жылдары Қазақстан өсу қарқынын 4-5 пайыздық деңгейде ұстап тұра алады, бірақ 2029 жылға қарай жалпы ішкі өнімнің екі еселенуі екіталай, – деді спикер.
Сарапшы осы тұста 20-30 жыл ішінде жылына орта есеппен 10 пайызға өскен Қытай экономикасының мысалын салыстырды. Оның пікірінше, Қазақстандағы экономикалық парадигманың өзгеруі дәл солай экономиканың өсуін жеделдетуге көмектеседі.
– Серпінді дамуға қол жеткізіп, отандық тауар өндірушілерді сыртқы импорттан қорғау үшін қосымша құн салығын арттырып, капиталдың сыртқа әкетілуіне қарсы күрес жөніндегі саясатты күшейту қажет, – деп түйіндеді Тимур Айсауытов.
Бұған дейін, 17 желтоқсанда Қазақстан Премьер-министрі Мемлекет басшысына шикізаттық емес секторды дамыту арқылы ел экономикасының өсуі туралы есеп берген болатын. Үкіметтің мәліметінше, биыл қаңтар-қараша айларында жалпы ішкі өнімнің өсімі 4,4 пайызды құрады.
Үдемелі өсімге ауыл шаруашылығы (13,4%), құрылыс (10,3%), сауда (8,2%), көлік (8,1%), өңдеу өнеркәсібі (5,3%), оның ішінде металлургия (7,2%) және машина жасау (6,9%), химия өнеркәсібі (8,4%), сондай-ақ ақпарат және байланыс (5,3%) салалары қол жеткізген.
Ал 2024 жылдың 11 айында негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 3,1 пайызға артты, бұл ретте де шикізаттық емес салаларда ең көп өсім байқалған.