Атырау, 19 желтоқсан 15:44
 бұлттыВ Атырау -4
$ 522.63
€ 548.66
₽ 5.07

Талғардағы оқиғаға рэп арнаған музыкантқа әкімшілік хаттама толтырған

97 просмотра
Карим Асылбеков

Талғар оқиғасына рэп арнаған талдықорғандық музыкант Карим Асылбековке полиция “ұсақ бұзақылық” бабымен әкімшілік хаттама толтырды. Бұл жөнінде 18 желтоқсанда кешкісін рэпердің өзі Instagram әлеуметтік желісінде хабарлады, дейді Азаттық радиосы. Ол “айыппұл салынатыны өкінішті” дейді.

“Тректі сараптамаға жіберді. Шынымен ішінен [былапыт сөз] тапса, айыппұл төлеуім керек. Маған шамамен 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынуы мүмкін екенін айтты. Бұл 18-25 мың теңгенің айналасында. Өкінішті, тек қолдау ниетім болған”, деді рэпер Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

Оның айтуынша, сот шешімі әлі шықпаған.

Полиция Карим Асылбековтің туындысында “балағат сөз” бар екенін анықтаған.

“Карим Асылбеков Талдықорғанның орталық алаңы, облыстық әкімдіктің маңында тұрып видеоролик түсірген. Оның клипінде балағат сөз айтылған. Осылайша әкімшілік құқық бұзушылыққа барған”, деп жазылған полиция хаттамасында.

Музыкант аталмыш рэпті әлеуметтік желіге 13 желттоқсанда жариялаған. Содан бері құқық қорғау органы қызметкерлері оны екінші рет шақырып отыр. Өзінің айтуынша, бірінші жолы, 16 желтоқсан — Тәуелсіздік күні қарсаңында “түсіндіру” жүргізген.

“16 желтоқсан — бізде, Қазақстанда мереке. Құқық қорғау органдары күшейтілген режимге көшкен. Тректерім жалған ақпарат пен түсініксіз комментарийлер көбейген кезде шығып отырғандықтан маған түсіндіру жұмысын жүргізді”, деді рэпер.

Шамамен бір минуттық тректе әнші Талғардағы оқиғадан зардап шеккендердің отбасына көңіл айтып, елдегі бірқатар мәселелерді баян етеді. Жемқорлықтың өршігеніне, шындықты айтқандарды қудалап жатқанына өкініш білдіреді.

16 желтоқсанда Тәуелсіздік күні қарсаңында қауіпсіздік режимі күшейтілген. Қазақстанның бірнеше аймағында белсенділерді түрлі баппен ұстап, 5-20 тәулікке қамаған.

Муызкант Карим Асылбеков Жетісу облысы Талдықорғанда тұрады. Ол туындыларында әлеуметтік мәселелерді қозғайды. Оқырманға “Жаңа Қазақстан”, “Халықтың көз жасы” (Слезы народа) деген рэптерімен белгілі.

16 жастағы Шерзат Полат қаза болған жанжал 4 қазанда жасөспірімнің отбасы жалға алып отырған Талғардағы дүкен маңында болған. Сатып алушылардың бірімен болған даудың соңы жанжалға ұласып, ол достарын шақырып, суық қару қолданылған. Оқиғадан соң қара жамылған отбасының үйі өртеніп, полиция ауданда күзетті күшейткен. Бұған дейін марқұмның туыстары әкімдік алдына жиналып, тергеуді ашық әрі әділ жүргізуді талап еткен.

Жуырда Шерзат Полаттың ағасы - Қаржаубай Нұрымовтың інісі де қаза болды. Полицияның алдын ала мәліметі бойынша, ол өз-өзіне қол жұмсаған, алайда Нұрымовтар отбасы бұған сенбейді.

Жасөспірімнің қазасы төңірегіндегі оқиғаларға қоғам назары қайта ауған шақта Алматы облыстық прокуратурасы 13 желтоқсанда мәлімдеме таратып, Шерзат Полаттың өліміне қатысты тергеу жақында аяқталатынын, Нұрымовтың үйін өртеу және Н. Ғайыпбаевтың өз-өзіне қол жұмсауы бойынша қылмыстық істерді тергеу бас прокуратура бақылауында екенін айтқан.

Бүгін, 13:18

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.