Атырау, 30 қазан 16:06
 дождьВ Атырау +17
$ 453.71
€ 505.80
₽ 5.63

Транскаспий бағдары: 2026 жылы жүк тасымалы 30%, транзит 90% артты

65 рет қаралды
Сурет: Ақорда
Сурет: Ақорда

2026 жылдың тоғыз айында Транскаспий халықаралық көлік бағдары бойынша жүк тасымалының көлемі 30%-ға, ал транзиттік тасымал 90%-ға артты. Бұл туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Анкарада өткен Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) 13-саммитінде мәлімдеді.

Мемлекет басшысы көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуді түркі елдерінің басым міндеттерінің бірі деп атады.

Оның айтуынша, Орта дәліз деген атпен белгілі Транскаспий халықаралық көлік бағдары өңір мемлекеттерінің көлік байланысын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.

«Ағымдағы жылдың тоғыз айында Орта дәліз бойынша жүк тасымалының көлемі 30%-ға, оның ішінде транзиттік тасымал 90%-ға өсті», — деді Тоқаев.

Теміржол арқылы 40 млн тоннаға жуық жүк тасымалданды

Президент Қазақстан мен Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер арасындағы жүк тасымалының өсу көрсеткіштерін де келтірді.

2026 жылдың тоғыз айында теміржол тасымалының көлемі 10%-ға артып, 40 млн тоннаға жуықтады.

Автомобиль көлігімен жүк тасымалдау көлемі 20%-ға өсіп, 6,5 млн тоннаға жетті.

Транзиттік әлеуетті одан әрі арттыру үшін Қазақстан арнайы бағдарлама іске асыруды жоспарлап отыр.

«Жалпы, Орта дәліз бойындағы логистикалық инфрақұрылым мен теңіз порттарын жаңғырту Қазақстан үшін басым бағыт болып қала береді», — деп атап өтті Президент.

Сонымен қатар Тоқаев еліміздің басқа да халықаралық көлік бағыттарын дамытуды жалғастыратынын айтты.

Олардың қатарында Солтүстік — Оңтүстік дәлізі, Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасы және Мемлекет басшысының бағалауынша, Қазақстан үшін тиімді әрі пайдалы болып отырған өзге де бағыттар бар.

Қазақстанда қуаты 1 гигаватт болатын «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» құрылып жатыр

Тоқаев Қазақстанның цифрлық мемлекетке айналуды мақсат етіп отырғанын мәлімдеді.

Ол елімізде 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланғанын еске салды.

Президенттің айтуынша, Астанада Alem.ai жасанды интеллект орталығы құрылып, ЖИ саласында мамандар даярлау үшін Qazaq AI Research University университеті ашылды.

Сонымен қатар жалпы қуаты 1 гигаватт болатын «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» қалыптастырылып жатыр.

«Екі суперкомпьютер іске қосылды, ал жақын арада қуаты өте жоғары үшінші суперкомпьютер жұмысын бастайды», — деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы Цифрлық кодекс пен жасанды интеллект туралы арнайы заңның қабылданғанын да атап өтті.

Оның айтуынша, Қазақстан жинақтаған тәжірибесін басқа түркі мемлекеттерімен бөлісуге дайын.

Қазақстан мен Әзербайжан Каспий арқылы байланыс желісін іске қосты

Президент халықаралық цифрлық инфрақұрылымды дамыту мәселесіне де жеке тоқталды.

Ол Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісінің іске қосылғанын хабарлады.

Мемлекет басшысының айтуынша, бұл жобаның мүмкіндіктерін Түркі мемлекеттері ұйымына мүше басқа елдер де пайдалана алады.

Жоба Каспий теңізі арқылы мемлекеттер арасындағы телекоммуникациялық байланысты нығайтуға бағытталған.

Батыс Қазақстан үшін мұндай жобаларды дамыту айрықша маңызды. Себебі өңір Транскаспий көлік және коммуникация бағыттарының тоғысында орналасқан.

Тоқаев Киберқауіпсіздік кеңесін құруды жеделдетуді ұсынды

Президент цифрлық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты жандандыруға да шақырды.

Атап айтқанда, ол ТМҰ-ның Киберқауіпсіздік кеңесін, сондай-ақ цифрлық мониторинг және инновация орталықтарын құру жөніндегі бастамаларды іске асыруды жеделдетуді ұсынды.

Мемлекет басшысының пікірінше, мұндай құрылымдар түркі елдері арасындағы технологиялық ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік береді.

«Бұл жобалар еліміздің цифрлық саладағы әріптестігін одан әрі кеңейтуге ықпал ететіні сөзсіз», — деп атап өтті Тоқаев.

Бүгін, 14:39

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.