Алматыда болған желтоқсан көтерілісіне 38 жыл болды, аз уақыт емес. Осы оқиғаға қатысқандардың басым бөлігі өрімдей қазақ жастары болды, студенттер, жұмысшылар... Бұлардың арасында гурьевтік жастар да болған, соның бірі Гүлсім ЖҰМАҒАЛИЕВА еді.
- Жасым 58-ге келсе де бұл күндер мәңгі есімде қалып қойыпты. Мен желтоқсан оқиғасы болғанда жиырма жаста екенмін. Атырау қаласынанмын, №19 мектепті бітірісімен өзім армандаған шет тілдер институтына 1984 жылы түскен болатынмын. Кішкентайымнан француз тілін меңгерсем деген мақсатым болды, қалаған оқуыма түсіп, тек сабақтан басқаға алаңымыз жоқ кез. 1986 жылы 15 желтоқсан күні жатахқананың бір бөлмесінде төрт қыз алаңсыз кезекті семинарға дайындалып отырғанбыз. Бір кезде жатақханада дүрлігіс, шу болып кетті. Құлағымыз елеңдеп, жағдайдың не болғанын сұрастырғанда, үкімет басына Мәскеуден басқа бір ұлт өкілін әкеліп, Қонаевты орнынан алып тастапты деген хабарға қанықтық. Студенттер осы жерде ұйымшылдық танытты,-дейді Гүлсім өткенді еске ала.
Гүлсімнің айтуынша, 16 желтоқсанда студенттер алаңға шығамыз деп қам жасап, төменгі қабаттағы ас пісіретін бөлмеде бір топ қыз-жігіттер патриоттық бағыттағы ұрандар жазып жатты.
- Бөлмедегі төрт қыз да институтқа емес, алаңға басқалармен барамыз деп шештік. Жерде қар бар, күн ызғарлы, суық. Бәрі қалың киініп алып, алаңға барғанбыз. Иін тірескен адамнан дәл орталық алаңға жету де оңай болмады.
Гүлсім алаң басына жақындаған кезде трибунада кезек-кезек сөйлеген адамдар үкіметтің бұл қаулысына қарсы екенін айтып, жастар патриоттық бағыттағы өлеңдерді шырқап жатты. Түрлі ұрандар жазылған плакатты көтерген жастар. Қаймықпай, қарсы тұрған жастарды әскери формадағы солдаттар қоршап тұрды.
- Бір кезде «Тараңдар» деп солдаттар дубинкамен ұрып-соғып, топты ыдыратуға тырысты. Әлі көз алдымда, сұлу қазақ қызын бір солдат ұзын шашынан сүйреп алып бара жатты. Қарсы тұрғанын ұрып құлатып, тепкінің астына алған, біз амал жоқ қаштық,-дейді ол.
Гүлсімдер жатақханаға келгенде институттың группа кураторлары мен мұғалімдер келіп, сабаққа бармағандарды анықтап жатыр екен. Группа старостасты болған Гүлсімдерді тергеуге алып, «әкеңді партиядан, жұмыстан шығарамыз» деп қорқытқан, өзіне қатаң сөгіс берген. Сол оқиғаға қатысқан индерлік бір қызды оқудан шығарса, ал алаңда сумкасы қалып қойған Диляраны бірнеше күн тергеуге алған. 17 желтоқсаннан бастап студенттерді институт корпусына мұғалімдер кезек жаяу апарып алып келіп жүрген. Бұл біразға дейін жалғасқан.
- Желтоқсан қасіреті ұмытылмауы керек, қазақтың жап-жас ұлдары мен қыздары елі үшін жандарын пида етсе, енді бірі соның азабын әлі тартып жүр. Өз көзіммен көрген, куә болған ол күндерді сөзбен жеткізу мүмкін емес, әлі күнге дейін шашынан сүйреген қазақ қызының бейнесі кетпейді. Алаңдағылар арандатуға жол бермеді, бейбіт шеруге шыққандарды әскерді қолдану арқылы күшпен таратты.Бізді оқудан шығарған жоқ, бірақ бақылауды күшейтті. Институтты бітірдік, жан-жаққа кеттік. Әлі күнге дейін атыраулықтар Гүлмаржан Бисембиева, Гүлайым Умирбаева, Айгүл Мұқанова, қызылордалық Заурехан Жұманазарова, талдықорғандық Ләйлә Темирбекбековамен хабарласып, сол күнді еске алып отырамыз,-дейді Гүлсім.
Гүлсімді 2022 жылдың 21 қаңтарында Алматы прокуратурасы желтоқсан оқиғасына қатысушы ретінде ақтап шықты.
- Отбасын құрдым, екі ұл, бір қызым бар. Ұстаздық жолында еңбек еттім, өзім де, жолдасым да бүгінде жеке кәсіпкерміз.
Екі жылдан соң желтоқсан оқиғасына 40 жыл болады.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА