Жылыой ауданында қарғын судан зардап шеккен білім ошақтары әлі жөндеуден өтпеді.
Еске салсақ, су тасқынынан Құлсары қаласындағы кейбір мектептер мен балабақша нысандары апатты деп танылған болаты. Олар: №5 Абай атындағы орта мектеп (1963 жылы салынған), №6 орта мектеп (1975 жылы тұрғызылған), «Салтанат» ясли-бақшасы (2021 жылғы), аудандық білім бөлімінің ғимараты (1967 жылғы).
Жалпы, су тасқынынан кейін қала билігі бір мектепке күрделі, ал жеті мектеп пен балабақшаларға орташа жөндеу жұмысын жүргізуді ұйғарған.
Бүгінде №2 дарынды балаларға арналған «Білім инновация» лицейінің оқушылары апатты деп танылған Абай атындағы мектепте әлі оқып жатыр. «Береке» ықшамауданындағы жаңа мектеп әне бітеді, міне бітеді деумен уақыт өтуде. Оқушыларға тозығы жеткен бұрынғы балабақшаның орны берілген.
Аудандық білім бөліміне жеке кәсіпкерден ғимарат сатып алынып, көшу жұмыстары жүруде.
- Жөндеу жұмыстары ұзаққа созылып кетті. Балабақшаларда орын жоқ, себебі жөндеу жүргізіліп жатқан балабақша тәрбиеленушілері орналасқан. Мектептер де сол күйде, оқушылар қысыла-қымтырыла оқып жатыр. Неге тапсырысшылар мердігерлерден жауапкершілікті талап етпейді? Су тасқынынан бері қанша ай өтті, жұмыстары мардымсыз,бақылау жоқ, - дейді «АЖ» редакциясына хабарласқан оқырман күйіне.
Аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гүлжансара ТАҢАТАРОВАНЫҢ айтуынша, Құлсары қаласының өзінен 350 оқушы басқа қалаларға көшіп кеткен. №8, 20 мектептер мен Т. Култиев атындағы №1 саз мектебінің орташа жөндеу жұмысы толық аяқталған. Бірақ жағдай бірдей емес. Мәселен, «Достық» ықшам ауданындағы 2015 жылы пайдаланылуға берілген №19 мектеп күрделі жөндеуге тұрғанымен жұмысы мардымсыз. Үш айдан бері оқушылар Халықов атындағы орта мектепте қыстырылыса оқып жатыр. Бұған ата-аналар наразы.
О баста осы мектептің жөндеу жұмысы осы жылдың желтоқсанында аяқталады деген еді, енді келесі жылдың наурыз айына жылжытқан.
Мердігер мекеме «Вертикаль KZ» ЖШС жұмысшыларының айтуынша, о баста мектеп пайдаланылуға берілгенде шатыры дұрыс жабылмай, ғимарат ішіне су кеткен.
Негізі су тасқыны ғимараттың бірінші қабатын түгел басып қалған. Бірнеше ай суда тұрғандықтан едендері шіріп, төмен түсіп кетсе, қабырғалары шытынай жарылып кеткен. Шығынды бағалау үшін құрылған комиссия мүшелері мектепті күреп тастаудың орнына, күрделі жөндеу жүргізуді таңдаған болатын.
Бүгінде мектеп астаң-кестең күйде, аяқ алып жүре алмайсың. Жылу құбырлары жүргізіле бастаған, бірақ жұмысты аяқтау үшін көп күш керек.
Өзін осы жұмысшыларға жауапты жабдықтаушымын деп таныстырған Бекзат АБДРАХМАНОВ:
- Жұмысты қыркүйек айында бастағанбыз. Бұзу жұмысы жүрді, шатырын ауыстыру елу пайыз орындалды, оған қоса жылу жүргізіп жатырмыз. Қазіргі уақытта қаражат бөлінбегендіктен жұмыс толық басталып кетпей тұр. Серіктестік өз қаражатымен жұмыс жасап жатыр, күні бүгінге дейін осы мектепке 300 млн теңге ақша кетті. Егер қаражат бөлінсе, жұмысты уақытында аяқтар едік. Мектептің сметалық жобасы толық қолымызға берілген жоқ, мәселен шатырының сметасы берілгенімен кейде өзгеріп кетіп жатады. Жылу жүргізудің сметасы берілді, осылайша бөліп-бөліп беріліп тұр. Енді қаражат бөлінбесе жұмыс тұрып қалуы мүмкін.
«Айгүл-1», «Айгүл-2» балабақшаларының орташа жөндеу жұмысына 182 млн теңге қаржы бөлінген. Екі балабақшаның меңгерушісі Сауле ШАКИРОВАНЫҢ айтуынша, ғимараттардың орташа жөндеуін осы қараша айының аяғында аяқтау келісім шартта көрсетілген. «Айгөлек-2» балабақшасы балаларды қабылдай бастаған, ал «Айгөлек-1» жылдың аяғында пайдалануға берілмекші. Төсемтастар төсеу, балалар ойын алаңдары толық бітпеген.
«Өркен-1», «Өркен-2» балабақшаларының орташа жөндеуіне 415 млн теңге бөлінген. Балабақша меңгерушісінің міндетін атқарушы Айсұлу СӘРСЕНОВАНЫҢ айтуынша, мердігер «Компания Buildineq LTD» ЖШС екі балабақшаға орташа жөндеу жұмысын қарашаның 18-де бітіруі керек болған. Қазан айында қаржы аударылмағандықтан мердігер жұмысы тұрып қалған. Осы балабақшаның біреуін жуырда пайдалануға бермекші, ал екіншісінің жұмысы 60-65 пайызға орындалды. Сантехник және дала жұмыстары қалып тұр. Екі балабақшада 49 қызметкер еңбек етеді, оларға жүз пайыз еңбекақысы төленіп тұр.
Осылайша, су басқан оқу орындарының мәселесі өзекті болып қалып отыр.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор