6 желтоқсанда Атыраудағы “Дастан” қонақ үйінде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мен республикалық “Шаңырақ” ұлттық агроқозғалысы өкілдері және шаруалардың қатысуымен жиын өтті.
Кездесуге келген шаруаларды негізінен ірі сабақты мал азығын дайындауға субсидия мен су тасқынында бүлінген үй-қораларына өтемақы қашан беріледі деген мәселе қызықтырды.
Агроқозғалыс өкілдері жиналғандарды Қазақстанның батыс аймағындағы төрт облыстың ортақ мәселесін бірігіп шешуге атсалысуға шақырды.
Орал қаласынан келген шаруа Талғат БАЙКЕНОВ - агроқозғалыс жетекшісінің орынбасары. Ол жиында Қазақстанда Жоғары сот шешімімен заңсыз деп танылған 2009-2018 жылдар аралығында ауыл шаруашылығы мақсатында берілген жерлерге тоқталды. Оның сөзінше, үкімет бұл жерлерді заңдастырып, игерілмеген жерлерді мемлекет меншігіне қайтарып, конкурспен жер сұрап жүрген шаруаларға беру керек.
Тасқын кезінде үй-жайы мен қора-қопсысы бүлінген шаруаның бірі Атырау қаласы маңындағы Қайыршақты ауылдық округі тұрғыны Сәрсенбай ШАПИКОВ ірі қара малдың тұқымын асылдандырумен (селекциялық жұмыстар) айналысады. Ол үйі мен қорасын 24 маусымда заңдастырған. Бірақ өтемақы әлі алмаған.
“Шығынды есептеу комиссиясының жұмысы әлі бітпеді, - дейді ол. - Мемлекеттен қолдау болмаса, мал шаруашылығын да қоятын шығармыз”.
Сондай-ақ, ол қалаға су келмес үшін Соколок каналының арнасын ашып, шаруаларды суға кетірдіңдер деп жергілікті билікті сынады.
Бұған ауыл шаруашылығы басқармасы маманы Азат ҚАПИЗОВ “бұл табиғи жағдай”, әкімдіктің кінәсі жоқ деп жауап берді.
Жиынға қатысқан шаруа Нұрбек ЕСЕНҚҰЛОВ шығынға ұшырап, малын сатып, шаруашылық жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған фермерді мысалға келтіре отырып, ауыл шаруашылығы басқармасы маманы А.Қапановтан осындай шаруаларға сауықтыру мақсатында қолдау бағдарламасы бар ма деп сұрады. Оған Қапанов “жоқ” деп жауап берді.
Жиынды жүргізген “AQIQAT” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғазиз ҒАБДУЛЛИН ортаға мынадай сауал тастады:
- Жергілікті шаруалар қолдау көрмей, амалсыздан кәсібін тоқтатуға мәжбүр болса, шеттен азық-түлік көптеп әкелініп, азық-түлік қауіпсіздігін қаншалықты қамтамасыз ете аламыз?
Сауал ашық күйінде қалды.
Ал Махамбет ауданынан келген 33 жастағы шаруа Аманқос ҚАПСАЛЫҚОВ “Атамекен” шаруа қожалығы мен “Қапсалықов” жеке кәсіпкерлік иесі. Ол егін егіп, жылыжай шаруашылығын дамытумен айналысады. Алма бағы бар. Одан бөлек, қарбыз, жүзім, картоп, жуа, жоңышқа өсіреді. Оған суда қалған картоп, жуа, жоңышқа және 52 алма ағашы үшін 6 млн теңге үстінде өтемақы төленген. Ал 4700 алма ағашы, қарбыз, қияр және қорасының шығынын өтеуден түрлі себеппен бас тартқан. Аманқостың сөзінше, алма бағының 4700 талы “шөп арасында тұр” деп шығыны есептелмеген. Ол шығынды өтеуге жауапты аудандық кәсіпкерлік бөлімін сотқа берген. Сот ісі жалғасып жатыр.
Ол тағы қарбыз бойынша шығын өтемақысын талап етіп, әкімдікті сотқа бермек. Оның сөзінше, шығынды есептеу комиссиясы су құрғаған соң қараған жерде “қарбыз дәні жоқ” деп, шығынды өтеуден бас тартқан.
Айнұр САПАРОВА