Атырау, 19 желтоқсан 00:08
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -5
$ 522.63
€ 548.66
₽ 5.07

Ауылдағы 127 мектепте «Starlink» спутниктік байланысы енгізілді

313 просмотра

Мектептерінің 75 пайызы ауылдық жерлерде орналасқан Абай облысында тірек білім беру мекемелерін дамыту бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Мемлекет пен қайырымдылық қорларының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан жоба ауыл мектептерінің әлеуетін нығайту және оқушылардың білім сапасын арттыруды көздейді.

Өңірдегі білім мекемелерінің 7-і тірек мектебіне айналды. Бұл мектептерге қомақты қаржы бөлініп, материалдық-техникалық базалары жаңартылды. Атап айтқанда, STEM, қыздар мен ұлдарға арналған технология, физика, химия, информатика, биология құралдарымен қамтылған арнайы кабинеттер, зертханалар мен спорттық инвентарьлар, интерактивті панельдермен жабдықталды.

«Қазандықтарды ауыстыру, сумен жабдықтауды жақсарту, интернет жылдамдығын арттыру сынды инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Облысымыздың шалғайындағы 127 мектепке «Starlink» спутниктік байланысын енгізу педагогтар мен оқушыларға жоғары жылдамдықты интернетті қамтамасыз етуге мүмкіндік берді», - деді білім басқармасының басшысы Нұржан Ахметқалиев облыс әкімдігінің кеңейтілген аппараттық жиынында.

Ауыл педагогтарымен жұмыс жобалау кеңсесі және әдістемелік қолдау арқылы жүргізіледі. 22 әдіскер-ментор арнайы оқытудан өтіп, білім беру процесіне инновациялық тәсілдерді енгізуге көмектесуде. Педагогтерге кеңес беру үшін call-орталық құрылды. Ал әлеуметтік желілер арқылы жүздеген пән мұғалімдері қолдау алды.

«Jas Akademik» жобасы және басқа да бастамалар аясында ауылдық жерлердегі оқушылар жаңа мүмкіндіктерге ие болады. Оқу-жаттығу жиындары, бейіндік сыныптар мен олимпиадалар таланттарды анықтауға және дамытуға көмектеседі. Екі жыл ішінде жаратылыстану-математикалық пәндер бойынша бағдарламаларға 100-ден астам оқушы қатысты. Ал олимпиадалық резерв жаттығулары республикалық және халықаралық деңгейлерде оң нәтижесін көрсетіп отыр.

Облыс бойынша 2025-2027 жылдары жергілікті бюджет есебінен 75 (оның ішінде: 52 – ауылдық, 23 – қалалық) мектепті реновациядан өткізу (күрделі жөндеуден өткізіп, материалдық-техникалық базаны жарақтандыру) жоспарлануда.

5 желтоқсан, 15:25

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.