Әскерге аттанып, мүгедек болып қалған сарбаз Ербаян Мұхтардың ауруханаға түскеніне бір жыл болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сарбаздың қазіргі жағдайы туралы Ербаянның жақындары Instagram парақшасында жазды.
«4 желтоқсан – Ербаян әскери бөлімнен ауруханаға түскен күн. Яғни, трагедияға бір жыл болды. Шындығы керек, бір жыл ішінде біздің, оның отбасының өмірі мүлде өзгерді. Ербаянмен бірге қиналып, Ербаян кішкене жақсы болса қуанып, өмір мен өлімнің арасында күй кешіп келеміз. Бірақ Құдайға шүкір жалғыз емес екенімізді де білеміз. Сіздердің қолдауларыңыз бізге дем береді. Сіздердің болғандарыңызға шүкір.
Біз әлі де Ербаян аяғынан тік тұрып, оны осы күйге түсіргендер жазаланады деп үміттенеміз. Сол үшін соңына дейін күресеміз.
Ербаянның жағдайы бірқалыпты, Ыстанбұлда емін жалғастырып жатыр», - деп жазды жақындары.
Айта кетейік, жақында Ербаян Мұхтардың отбасына адвокат болған Инга Иманбай сарбаздың сараптамасы дайын болса да, құзырлы органдар оны бермей жатқанын айтып, дабыл қаққан болатын.