ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен Тәуелсіздік күніне орай бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылады. Министрлікке бағынысты ұйымдарда театр премьералары, концерттер, көрмелер, ғылыми семинарлар және дөңгелек үстелдер сияқты іс-шаралар дайындалуда, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
5 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік музейінде KAU School оқушыларының «Тәуелсіздік түстері: біздің балаларымыздың өнері» көрмесі ашылады. Онда жас таланттар өз жұмыстарын көрсетеді.
6 желтоқсанда «Тұмар-Арт» суретші-педагогтар қауымдастығы мен олардың дарынды шәкірттері бірлесіп ұйымдастырғалы отырған «Атамекен» көрмесінің, сондай-ақ 11 желтоқсанда музейде «Тәуелсіздік – ел ұраны» атты мәдени-танымдық іс-шарасы және «Тәуелсіздік бастауы – желтоқсан» көрмесінің ашылуы өтеді.
7-8 желтоқсанда «Төрлет, еңбек адамы» республикалық ақындар айтысы өтеді. Оған еліміздің әр өңірінде жыл бойы өткен айтыстарда жеңіске жеткен 14 ақын қатысады.
Театр ұжымдары мереке күндері көрерменге қызықты әрі ерекше премьералар ұсынады. 10 желтоқсан күні Құдыс Қожамияров атындағы республикалық мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театрында «Қозы мен Баян» премьерасы өтеді. Ғабит Мүсіреповтің бұл туындысы театрдың 90 жылдығына орайластырылған. 15 желтоқсанда Наталья Сац атындағы Орыс мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының репертуары бойынша «Приключение снежного барса» спектаклі көрсетіледі. 16 және 17 желтоқсанда Республикалық мемлекеттік академиялық корей музыкалық комедия театрының сахнасында «Мотылек» драмалық спектаклінің премьерасы өтеді. Бұл – Жұмагүл Солтиеваның пьесасы бойынша трагедия элементтері бар философиялық драма. Сондай-ақ 16 және 17 желтоқсан күндері күндері Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры «Парасат майданы» спектаклінің премьерасын ұсынады. Қойылым қазақ әдебиетінің классигі Төлен Әбдік шығармаларының негізінде («Оң қол» және «Парасат майданы») сахналанған.
10-13 желтоқсан күндері аралығында «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы «Алтынордалық Сарайшық мұралары» жылжымалы көрмесін ұйымдастырады. Көрмеде ортағасырлық Сарайшыққа қатысты экспонаттар ұсынылады, олар осы кезеңнің тарихы мен мәдениетін толық түсінуге мүмкіндік береді. 11 желтоқсанда Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде қазақтың ұлы суретшісі Әбілхан Қастеевтің туғанына 120 жыл толуына орай мерейтойлық іс-шаралар аясында оның мемориалдық музей-үйінің жаңа экспозициясының және суретшінің «Баға жетпес мұра» туындылары көрмесінің ресми тұсаукесері өтеді. «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы қазақ халқының материалдық емес мәдени мұрасын дәріптеу мақсатында 12 желтоқсан күні Еуразия халықтарының дәстүрлеріне арналған халықаралық ғылыми семинар өткізуді жоспарлап отыр.
Ал 12 және 13 желтоқсанда «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы «Ел тәуелсіздігі» іс-шарасы мен «Көшпелі тайпалар тарихы» атты көрме ұйымдастырады. Іс-шара қатысушылары көшпелі тайпалардың өмірі мен мәдениеті туралы біле алады.
13 желтоқсанда «Ботай», «Ордабасы» және «Жидебай-Бөрілі» музей-қорықтарында Тәуелсіз Қазақстанның мәдени-тарихи жетістіктері тақырыбында жиындар өтеді.
Сондай-ақ осы күндері көптеген тарихи-танымдық іс-шаралар, соның ішінде тақырыптық көрмелер, мәдени бағдарламалар және экскурсиялар өтеді.
16 желтоқсан күні республикалық академиялық Неміс драма театрында «Katzen Piloten» балалар театр студиясының концерті өтеді. Қазақ, орыс және неміс тілдеріндегі әндердің мәдени алуантүрлілігі пен дәстүрлердің үйлесімділігін көрсетеді.
Тәуелсіздіктің маңызын көрсететін бұл іс-шаралар Қазақстанның барлық өңірлерін қамтиды. Сондай-ақ көрерменге Қазақстанның бай мәдени мұрасын сезінуге және Тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген жетістіктерін бағалауға мүмкіндік береді.