Атырау, 5 желтоқсан 07:07
 бұлттыВ Атырау -1
$ 523.58
€ 549.71
₽ 5.01

Атырауда биыл кәсіпкерлікті заңсыз тексерудің 80-нен астам​ы тоқтатылды

201 просмотра

Атырау облысында 2024 жылдың басынан бері кәсіпкерлерге қатысты 83 заңсыз тексерудің жолы кесілді. Мұндай дерек Өңірлік кәсіпкерлер палатасында өткен Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес отырысында айтылды.

ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің Атырау облысы бойынша департамент бөлімі басшысының міндетін атқарушы Қасымхан МЫРЗАТАЕВТЫҢ айтуынша, 2024 жылы облыста 1763 тексеру тіркелсе, оның 847 - тексеру актісі, ал 366 - профилактикалық бақылау.

Кәсіпкерлік құқығын қорғау мақсатында үш тексеріске тосқауыл қойылып, тағы 83 тексерудің заңды күші жойылды. Оның ішінде 44 тексеру тіркелмеген болса, 34-і жеке кәсіпкерлерге қатысты тексеру. 50-ден астам тексеру қайта қарауға қайтарылды.

– Қабылданған шаралар нәтижесінде 21 лауазымды тұлға тәртіптік, 7-уі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мемлекеттік органдар тарапынан жіберілген заң бұзушылықтардың қатарында тексерулерді ресімдеу және тіркеу мерзімдерін сақтамау, кәсіпкерлерден ресми ақпарат сұрату, лауазымды тұлғаның кәсіпкерлік нысанына тексеру актісін жібермей баруы және т.б., - деді Мырзатаев. 

Сондай-ақ, ол кәсіпкерлердің «Qamqor» мобильді қосымшасы арқылы өздеріне тағайындалған тексеру туралы мәліметтерді тексеріп, шенеуніктердің заңсыз әрекеттеріне шағым түсіре алатынын естеріне салды.

Осы жиындағы тағы бір өзекті тақырып – Махамбет ауданы, Бейбарыс ауылындағы кәсіпкер Әсел ЕСЕНИЯЗОВАНЫҢ шағымы болды.

– Махамбет ауданы, Бейбарыс ауылында мен қызмет көрсетіп отырған мейрамхана, шағын дүкен, балалар алаңы бар. Бұл әңгіме былтырдан бері жалғасып келеді. Бір топ адамдар менің осы нысандарыма келіп, үнемі кемшілік іздейді. Тұтынушы атын жамылып, тауардың жарамдылық мерзімін, баға белгілерін, менің нысандарымның аумағында темекі тұқылының бар-жоғын тексереді. Сәл кемшілік тапса, полиция шақырып, іс жүзінде маған айыппұл салуға мәжбүрлейді. Олар менің аты-жөніме кір келтіріп, бизнесімді жамандап, барлығын әлеуметтік желіге жариялайды. Нәтижесінде былтырдан бері олармен соттасып келемін, жақында сот менің пайдама шешім шығарды. Алайда олардың шабуылы мұнымен тоқтамады. Өткен аптада олар тағы да менің мейрамханама, минимаркетіме келіп, айып тағу үшін себеп іздеді. Енді қалай жұмыс істеуім керек? Өзімді және бизнесімді қалай қорғауға болады? – деп сұрады Әсел.

Кәсіпкерлер палатасының өкілдері мен кеңес мүшелері мұндай жағдайлар мұқият зерделеуді қажет ететінін баса айтты. Палата директорының орынбасары Сәрсенбай ЖОЛДЫБАЕВ белсенділер мен блогерлердің кәсіпкерлерді полицияға тексертеміз деп қорқытқан әрекеті даулы мәселе екенін атап өтті.

Жергілікті полиция қызметінің басшысы Ерлан БИҒАМБАЕВ полиция барлық өтінішке жауап беруге міндетті екенін түсіндірді. Сонымен қатар, полиция қызметкерінің әрекеті бизнестің құқығын бұзатын болса, кәсіпкерлер шағымдануға құқылы екенін де айта кетті. 

Кеңес отырысында кәсіпкерлік субъектілеріне құқық бұзушылықтар бойынша құзырлы органдарға шағымданып, ал жауапты құрылымдар алдағы уақытта мұндай жағдайларды жою үшін іс-әрекеттердің бірыңғай алгоритмін әзірлеуі керек деген ұсыныс айтылды. 

Дайындаған Айнұр САПАРОВА

Кеше, 08:45

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.