Атырау, 5 желтоқсан 07:23
 бұлттыВ Атырау -1
$ 523.58
€ 549.71
₽ 5.01

Форбс тізімін зерттеу. Құлыбаев. Не пайда

220 просмотра

Қазір қоғамда қызу талқыланып жатқан Перизат Қайрат ісі сияқты жанжалдар жалпы қайырымдылық қорларының жұмысына халық назарын аударған тәрізді. Солардың қатарында «Халық» қайырымдылық қорының құрылтайшысы Тимур Құлыбаев туралы да бір-біріне кереғар мәліметтер жариялануда. 

«Қайырымдылық көмегі бойынша жеке азаматтар арасында көшбасшы — отандық кәсіпкер Тимур Құлыбаев, ал қоғамдық ұйымдар арасында президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен құрылған «Қазақстан халқына» қоры...» - деп хабарлады Ulysmedia.kz.

Ал, Мәжіліс депутаты Айдос Сарым AbayLIVE арнасына берген сұхбатында: "Қолыңызға Құран алып тұрып "Тимур Құлыбаев қылмыскер" деп дәлелдей аласыз ба?" - деп, тілшінің өзіне сұрақ қойды. 

Осы орайда біз де шағын журналистік зерттеу жүргізіп көрмек болдық. Әуелі Forbes тізіміндегі ірі бизнесмендердің қайырымдылыққа қосқан үлесін талқылайық:

Рахымбаевтар отбасы - ауыл балаларын қолдау үшін IQanat Endowment Fund-қа 20 миллион доллар инвестициялады.

Кеңес Рақышев пен Әсел Тасмағамбетованың «Сәби» қоры 22 жыл ішінде мектептер мен балалар үйлерін салуға, басқа да әлеуметтік жобаларға шамамен 50 миллиард теңге бөлді.

Гүлнар Досаеваның жеке қоры талантты жастарға арналған мәдени бастамалар мен бағдарламаларды ұдайы қолдайды.

Болат Өтемұратовтың қайырымдылық қоры денсаулық сақтау саласына, соның ішінде сирек кездесетін аурулары бар науқастарға көмектесіп келеді.

Ғалымжан Есенов қоры STEM білімін дамытып, білім беру гранттары арқылы жас ғалымдарды қолдайды.

Биыл ел тарихында бұрын-соңды болмаған оқиға орын алды. Көктемгі су тасқыны кезінде мыңдаған азаматтар баспанасынан айырылды. Тұрғын үйге мұқтаж жандарға (тасқыннан зардап шегушілерді қоса алғанда) 1400 баспана берілді. Өткен жылдарға көз салсақ, соңғы 5 жылда мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы арқылы Қазақстанның үш үлкен қаласында 5000 үй пайдалануға берілген екен. Мемлекет шамамен үш жылда салатын 1400 баспананы бір жылда табыс етуші – жоғарыда аталған Тимур Құлыбаевтың «Халық» қоры. 2024 жылғы көктемгі су тасқыны салдарын жоюға «Халық» қоры 31,5 млрд ақша бөлген. Қазақстандағы барлық бизнесмендер мен қайырымдылық қорларының ақшасын бір жерге жинақтаушы «Қазақстан халқына» қоры су тасқынынан зардап шеккен Құлсары тұрғындарына арнап 100 үй тұрғызса, «Халық» қоры үйлері суға кеткен 1000 отбасыны баспанамен қамтамасыз етті. Бұл «көп түкірсе көл» дейтін «Қазақстан халқына» қорының жұмсағанынан 10 есе көп ақша. Хош, 1000 үй Құлсарыға берілді, ал қалған 400 пәтер ше? 1.5 млн тұрғыны бар алып мегаполис – Астанадағы үй кезегінде тұрған, әлеуметтік көмекке мұқтаж жандар үшін Құлыбаев қоры елорда әкімдігіне 400 пәтер берді. Мұның өзі мемлекет пен бизнес арасындағы ымыраның белгісі тәрізді. Мұғалімдер, дәрігерлер, әскерилер мен көп балалы отбасылар, мүгедектерге таратылған 400 пәтер иесінің қатарында менің әріптестерім – журналистер қауымы да бар. 

Соған қарамастан, бұқаралық ақпарат құралдарында «Құлыбаев құсып жатыр» деген пікір пайда болды. Расында, осы кезге дейін бізгекәсіпкер емес, «шалдың күйеу баласы» ретінде танылып келген Құлыбаевтың бүгінгі таңда елге қандай пайдасы бар? Кез-келген бизнесменнің жұмысының көрсеткіші – салық. Салық – бұл мектеп, салық – жол, салық - сіз бен біздің игілігімізге жұмсалатын ақша. Жоғарыда аталған Forbes тізіміне қайта назар аударайық. Тимур және Динара Құлыбаевтар еліміздегі ең бай адамдардың тізімінде 2-ші орында. 1-ші орында Вячеслав Ким, 3-ші орында Владимир Ким, 4-ші орында Тимур Турлов. Ал, салық төлеуден Құлыбаевқа тиесілі компаниялар тобы көш бастап тұр. Соңғы бес жылда ел қазынасына 1,6 трлн теңге салық құйған. 2013-2022 жж. мемлекеттік бюджетке түскен барлық салықтың 4,6%-ы Құлыбаев компанияларыныкі болған. Еліміздегі ірі салық төлеушілер қатарында құрылтайшысы Құлыбаев саналатын «Халық» банкі және «Каспий-Мұнай» компаниясы бар. Ал Forbes тізіміндегі тізгінұстарбіздің кәріс Вячеслав Ким, Грузия азаматы Михаил Ломтадзе, Ресейдің бұрынғы азаматы Тимур Турлов басқарып отырған қазақстандық компанияларды ең ірі 10 салық төлеушінің қатарынан да таба алмадық. Демек, Құлыбаев салықтан жалтарды деуге негіз жоқ қой?!

Енді оның жұмыс беруші ретінде қалай жұмыс істеп отырғанына қарайық. Жалпы, Тимур Құлыбаев басқаратын компаниялар тобы қазіргі уақытта 45 000-нан аса адамды жұмыспен қамтып отыр екен. Жұмысшылар тарапынан ешқандай шағым түспегеніне қарағанда, қызметкерлердің жағдайы жаман емес. Жалақы көлемі көңілдерін көншітеді, кешіктірілмей беріледі. Батыстағы мұнайшылар ереуілі, Ұлытаудағы кеншілер ереуілі тәрізді еңбек қатынасына байланысты дау туындаған емес. 

Демек, салық төлеуші, жұмыс беруші, меценат ретінде елге пайдасы тиіп отырған Құлыбаевті қудалау кімге тиімді?

Түйін: Біз алдағы уақытта Тимур Құлыбаевтың қызметі мен бизнесі туралы тағы да тың ақпараттар жинайтын боламыз. Иә, бір кездері оның бизнес жүргізуіне қайын атасы ықпал еткен де болар. Бірақ, бәрі Айдос Сарым айтпақшы, заңды түрде жүргізілгендіктен, енді оны сотқа сүйреу, қылмыс жасады деп іс қозғау қате. Бүгінгі таңда елге қандай пайдасы тиіп отыр деген тұрғыда қарастыруымыз керек сияқты. Бәрібір оны соттағанмен, елден қуғанмен, орнына басқа адам келеді. Ал, келімсектің халыққа жаны аши ма? Ірі бизнестің өзге ел азаматтарының қолында болуы мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтірмей ме? Бұл енді әлеуметтік қана емес, саяси сұрақ.

Келесі жолы халықты несиенің қармағына түсірген«Каспий» банкінің жұмысына, иелеріне және салық төлеміне тоқталамыз. Және айтулы Forbesтізіміндегі мырзалар туралы мақалалар сериясын жалғастырмақ ойымыз бар.

 

Кеше, 17:21

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.