Жезқазған қаласынан Алматыға жеке шаруалырымен келген 22 жастағы Айбек Мұқатаев атты шахтер метроның астына құлап кеткен ер адамды аман алып қалды, деп жазады Azattyq Rýhy.
Блогер Александр Цой Айбек Мұқатаевтың суретін жариялап, оның ерлігін екжей-тегжейлі баяндап берген.
«Бұл – Айбек Мұқатаев. Небары 22 жасында ерлік жасап үлгерді. Жуырда Алматыдағы метроның «Байқоңыр» станциясында оқыс жағдай орын алды: есінен танған ер адам метроның жолына құлап түскен. Дәл осы сәтте станцияға пойыз жақындап қалған еді. Жанұшыра жүгірген Айбек машинистке қолымен белгі беріп, есінен танған адамның артынан пойыздың жолына секіріп кеткен. Машинист тоқтап үлгерген. Осылайша, Айбек пен өзге де адамдар әлгі ер адамды алып шыққан», - деп жазады блогер.
Александр Цойдың дерегіне сүйенсек, ер адамды жедел жәрдем бірден ауруханаға алып кеткен екен. Айбек Мұқатаев Жезқазғанда шахтер болып жұмыс істейтінін айтып берген.
«Айбектің өзі бұны ерлік деп санамайды екен. Алматыға бірнеше күнге жеке шаруаларын шешу үшін келген Айбек Жезқазған қаласының тұрғыны, өзі шахтер болып жұмыс істейді», - дейді Цой.
Ең басты айта кетерлігі, метро рельстерінің бәрінен тоқ соғады. Айбек күнде жер астына түсіп жүрсем де рельстердің қуаты қатты екенін білген жоқпын дейді.
«Әлгі адамның құлағанын көргенде, ойланатын уақыт болған жоқ. Бірақ, өзім күнде жер астында жүрсем де рельстердің тоғы бар екенін білмеппін. Жалпы, «біреуді өлімнен арашаладым» деп мақтана алмаймын, ұяламын. Тіпті, оны құтқарған мен ғана емес, халық қой», - дейді кішіпейіл жігіт.
Айбек бір өлімнен құтқарған адам қазір ауруханада жатыр, денсаулығы жақсарған. Бірақ, Айбекпен тікелей кездесе алмаған.