Астанада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің (ҰҚШҰ) кезекті сессиясы басталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жиында аймақтық және халықаралық қауіпсіздіктің негізгі мәселелері талқыланады. Отырыс қорытындысы бойынша бірқатар құжатқа қол қойылмақ.
Отырысқа қатысу үшін мүше елдердің мемлекет басшылары Астанаға келді. Алғаш болып Беларусь президенті Александр Лукашенко келді. Түнделете жеткен мәртебелі меймандар қатарында Қырғыз президенті Садыр Жапаров та бар. Осыған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Ресей президенті Владимир Путинді қарсы алып, екіжақты келіссөздер өткізген еді. Ал Тәжікстан басшысы Эмомали Рахмон елордамызға бүгін ат басын тіреді.
Сондай-ақ, іс-шараға ҰҚШҰ бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов пен ҰҚШҰ біріккен штабының бастығы Андрей Сердюков қатысып жатыр.
Отырыста жоспар бойынша ұжымдық қауіпсіздік аймақтарындағы әскери-саяси жағдай туралы пікір алмасу, ҰҚШҰ аясында ынтымақтастық қорытындыларын және ұжымдық қауіпсіздік жүйесін одан әрі дамыту перспективаларын талқылау көзделген. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығын бірлесіп мерекелеуге дайындық мәселелеріне ерекше назар аударылмақ. Қырғыз Республикасы 2025 жылы ұйымға төрағалық етудің басымдықтары туралы хабарлайды деп жоспарланып отыр.
Биыл ҰҚШҰ-ға Қазақстан төрағалық етті. 2023 жылы бұл қызмет Беларусь еншісінде болған еді.
Еске салсақ, ұйым 1992 жылы Ташкентте Армения, Қазақстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан елдерінің қатысуымен құрылған еді.