Атырау, 23 желтоқсан 21:50
 бұлттыВ Атырау -3
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Қазақстанда жерді адал пайдаланушыларды анықтау үшін құқықтық негіз құрылады

236 просмотра
gov.kz

Үкіметте вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Жер ресурстары мәселелері жөніндегі комиссияның отырысында фермерлерден жер учаскелерін алуға байланысты бірқатар мәселелер қаралды, деп хабарлайды Министрліктің баспасөз қызметі.

Негізгі мәселе — уәкілетті органдарға осы шешімдерді қабылдау кезінде құқықтық негізде әрекет етуге мүмкіндік беретін жерді адал және жосықсыз пайдаланушыларды айқындау үшін құқықтық база құру. Ол үшін облыс әкімдерінің орынбасарлары, Бас прокуратура, Сот әкімшілігі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Ұлттық экономика министрлігі және «Атамекен» ҰКП өкілдері кіретін ауыл шаруашылығы вице-министрінің төрағалығымен жұмыс тобы өңірлерде арнайы комиссиялар құру жөнінде ұсыныстар әзірледі. Бұл комиссиялар бірқатар критерийлер негізінде жерді пайдалану құқығын жалғастыру мәселесін реттеумен айналысатын болады. Олардың қатарында жерді нысаналы мақсатына сәйкес пайдалану, салық төлеу, инвестициялар тарту, ауылдық аумақтарды дамыту және басқалары бар. Қазіргі уақытта барлық заңды рәсімдерді сақтау үшін Ауыл шаруашылығы министрлігінің ережесіне мемлекеттік органға осы арнайы өңірлік комиссияның үлгілік ережесі мен іс-қимыл алгоритмін әзірлеу және бекіту бойынша құзырет беру бөлігінде өзгерістер енгізілуде. АШМ жұмыс істеп тұрған ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін жер пайдалану құқығын жалғастыру мәселесін реттеу жөніндегі өңірлік комиссияның ережесі мен іс-қимыл алгоритмін әзірлейді.

Сондай-ақ отырыста Қарағанды және Павлодар облыстарындағы шекаралардың белгіленуіне байланысты, иелігінде қайталануы туындаған ауыл шаруашылығы жерлері иелерінің мәселесі қаралды. Талқылау қорытындысы бойынша Серік Жұманғарин даулы жерлердің шынайы шекараларын анықтау және туындаған мәселені шешу үшін барлық мұрағаттық құжаттар мен картографиялық деректерді мұқият зерделеуді тапсырды.

2024 жылдың басынан бері 2 млн гектардан астам ауыл шаруашылығы жері мемлекет меншігіне қайтарылды. ҚР АШМ Жер ресурстарын басқару комитеті жер пайдаланушыларға қатысты 2,8 млн га жалпы алаңда 1748-ден астам жоспардан тыс тексерулер жүргізді, оның нәтижелері бойынша 2,2 млн га алаңда жер заңнамасын бұзушылықтарды жою туралы 1342 ұйғарым енгізілді.

Бұрын берілген ұйғарымдар бойынша биыл 311,3 мың га алаңда ауыл шаруашылығы жерлерін игеру басталды. 200,4 мың га алаңда ауыл шаруашылығы жерлерін мәжбүрлеп алып қою бойынша сот талқылаулары жүргізілуде.

Бұдан басқа, жерді пайдалану мен қорғауды, атап айтқанда, Қазақстан Республикасының жер заңнамасы саласында жергілікті атқарушы органдар қабылдаған шешімдердің заңдылығын мемлекеттік бақылау шеңберінде 368,5 мың га алқапта ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін беру туралы әкімдіктердің 875 заңсыз шешімі анықталды, оның ішінде 84 шешімнің күші жойылды. Барлық тексерулер азаматтардың өтініштері мен прокуратура органдарының ұсыныстары негізінде жүргізілді. Бұзушылықтардың негізгі сипатына – жерді конкурстан тыс беру, ауыл шаруашылығы жерлерін беру бойынша конкурстарды өткізу тәртібін бұзу, ортақ пайдаланылатын жайылымдық жерлерді бөлек жер пайдалануға беру және басқалары жатады.

21 қараша, 16:21

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.