2024 жылғы 13 қарашада ҚР Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті, бейнеконференцбайланыс режимінде облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары мен мүшелері қатысты.
ОСК Төрағасы Нұрлан Әбдіров Мемлекет басшысының Жарлығымен Азамат Айманақұмов пен Михаил Бортник Орталық сайлау комиссиясының мүшелері, Ләззат Сүйіндік ҚР Парламенті Сенатының қаулысымен ОСК мүшесі болып тағайындалғанын атап өтті.
Орталық сайлау комиссиясының отырысы барысында төрағаның орынбасары және хатшы сайланды. Комиссияның бірауыздан қабылдаған шешімімен ОСК төрағасының орынбасары болып Мұхтар Ерман, ал хатшы болып Шавхат Өтемісов сайланды.
ОСК Төрағасы ОСК мүшелері жұмысының негізгі бағыттарын және олар жетекшілік ететін қызмет салаларын белгіледі.
Сондай-ақ, өңірлерден мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына сайлауды өткізудің ағымдағы мәселелері талқыланды.