Атырау, 25 желтоқсан 06:13
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 515.89
€ 536.32
₽ 5.17

Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан президенттері стратегиялық келісімге қол қойды

359 просмотра
Сурет: akorda.kz

СOP29 Дүниежүзілік климат саммитінің аясында мемлекеттер басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев, Ильхам Әлиев пен Шавкат Мирзиёев Қазақстан Республикасы, Әзербайжан Республикасы және Өзбекстан Республикасы арасындағы жасыл энергияны өндіру және беру саласындағы стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойды, деп хабарлайды Ақорда.

Мемлекет басшысы бүгінгі айтулы оқиға орнықты дамуға ортақ ұмтылыс тарихының жаңа парағын ашқанын атап өтті.

– Стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қою – Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ өңірлерінің үшжақты ынтымақтастығын дамытудағы маңызды кезең. Құжат елдеріміздің энергетикалық жүйелерін интеграциялау, сондай-ақ Еуропа елдері мен басқа да нарықтарға экологиялық таза энергияны жеткізетін сенімді дәліздерді қалыптастыру үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Мұнда Қазақстан ірі транзит аумағы ретінде үлкен рөл атқарады. Аталған келісімнің нақты нәтижелері үш елдің экономикаларын біріктіріп, Орта дәлізді «жасыл көпір» ретінде дамытуға ықпал етеді. Бұл маңызды саладағы тығыз ынтымақтастық мемлекеттер арасындағы тәжірибе мен озық технологияларды алмасуға серпін береді, сондай-ақ энергетикалық қауіпсіздігімізді нығайтуға септігін тигізеді, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, көміртегі бейтараптығына жетуді көздейтін Қазақстан үшін жасыл энергетика маңызды бағыт саналады.

– Біз қазба байлықтарға тәуелділікті азайтуға белсенді түрде кірістік. Технологиялық инновацияларды дамытып, экологиялық орнықты өркендеуге демеу болатын инфрақұрылым құруға бет бұрдық. Қазақстан шетелдік серіктестермен жалпы қуаты 43 ГВт болатын «жасыл» жобаларды жүзеге асыру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізді, – деді Мемлекет басшысы.

Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев бүгінгі келісімдер үш мемлекет арасындағы бауырластық қатынастар мен стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге шығаратынын атап өтті.

– Орталық Азия мен Кавказ өңірі көптеген мәселе бойынша, соның ішінде «жасыл» энергияны дамыту саласында бірлесіп әрекет етеді. Біз қайта жаңғыртылатын энергия көздері бағытында Қазақстан мен Өзбекстанның ауқымды жоспарлары мен қол жеткізген жетістіктері жайында жақсы білеміз, – деді Әзербайжан Президенті.

Өзбекстан Президентінің пікірінше, бүгінгі келісім экономикалық мақсатты ғана көздемейді, бұл – болашаққа қосылған ортақ үлес.

– Аталған жобаның экологиялық маңызын ерекше атап өткім келеді. Желден, күннен алынатын қуат климаттың жұмсаруына әсер етеді. Осы арқылы біз Париж келісімі аясында климатты қорғау жөнінде бірлескен күш-жігерге қолдау білдіріп, орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге атсалысамыз, – деді Шавкат Мирзиёев.

Бұдан бөлек, іс-шарада мемлекеттер басшыларының қатысуымен Қазақстанның Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев, Әзербайжанның Энергетика министрі Парвиз Шахбазов, Өзбекстанның Энергетика министрі Журабек Мирзамахмудов және Сауд Арабиясының Энергетика министрі Әбдел Азиз бен Салман Әл Сауд Жасыл энергияны дамыту және беру саласындағы ынтымақтастық туралы атқарушы бағдарламаға қол қойды.

13 қараша, 15:26

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.